Алматы облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып Ақан Әбдуәлиев тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Облыс әкімі Амандық Баталов өңір активін жаңа орынбасарымен таныстырды. Президент Әкімшілігінің келісуімен және әкімнің Өкімімен бұл лауазымға Ақан Әбдуәлиев тағайындалды. Өңір басшысы орынбасарының алдына қойылған бірқатар міндетті атап өтіп, олардың кейбірін қысқа мерзім ішінде орындау керектігін айтты», - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ақан Әдуәлиев 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған. Кей жылдары Сүйінбай атындағы облыстық филармонияда, Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде (солист), Құрманғазы атындағы Қазақ өнер академиясында (оқытушы), Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясының «Дәстүрлі ән» кафедрасында (декан) қызмет атқарған. 2008-2015 жылдар аралығында Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатында музыкалық жұмыстар бойынша директор, кейін мектеп-интернатының директоры болды. 2015 жылы 16 қаңтарда Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры болып тағайындалды. 2016 жылдың 1 маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін Жақсылық Омар атқарған еді.
Жақсылық Мұқашұлының Өскемен қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанын бұған дейін жазған болатынбыз.