Алматы облысы әкімдігі не себепті көмір тасымалдауға байланысты қиындықтар болып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауа райының күрт суытына байланысты 20-24 қаңтар күні көмір өндірісі кідіріп қалды. Осының салдарынан Алматы облысына көмір тасымалдаушылардың кестесі бұзылды. Биылғы жылдың 25 қаңтарынан бастап көмір резервіндегі жұмыстар кестеге сай жүргізіле бастады. Дәл қазір көмір тасымалдауға қатысты жағдай тұрақталды», - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.
Мұнымен қатар, Байжанов аталған аймақ тұрғындарының 1 308 мың тонна көлемінде көмір сатып алғандарын айтып өтті. Бұл қажетті көлемнің 93 пайызын құрайды.
«Алматы облысындағы «Ойқарағай» разрезінде 29 640 тонна көмір бар. Оның орташа бағасы – 15,5 мың теңге», - дейді әкімнің орынбасары.