Сурет: ашық дереккөз
«Метрополитен» КМК қызметкерлеріне қатысты жаңа сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Қадағалау органы квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының бюджет қаражатын жұмсау кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтауды жалғастырып жатыр.
«Тексеріс қорытындысы бойынша «Метрополитен» КМК қызметкерлері локомотивтерге арналған бастапқы резеңке серіппелерді 137 млн теңгеге көтерілген бағамен сатып алған. Мұны метрополитеннің аудиторлық есебі де растады, осыған байланысты көлік прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді, оны қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат таратуға жатпайды.
Айта кетейік, Алмалы аудандық сотында мегаполистегі «Сары арқа» және «Бауыржан Момышұлы» жаңа метро стансаларының құрылысы кезіндегі 5 миллиард теңгенің ұрлануына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.