05 қар, 2019 сағат 08:46

Алматы мен Санкт-Петербор ынтымақтастықтың «Жол картасын» әзірлейді

Санкт-Петербор үкіметінің мүшесі – ұлтаралық қатынастар және көші-қон саясатын іске асыру комитетінің төрағасы Олег Капитанов бастаған ресейлік делегация мәдени-іскерлік миссиямен Алматыға келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Санкт-Петербордан келген делегацияны Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қабылдады. Шаһар басшысы Олег Капитановпен екі қала арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективаларын талқылады. Тараптар денсаулық сақтау, білім, туризм, мәдениет және ШОБ салаларында ынтымақтастықтың «Жол картасын» әзірлеуге келісті.

Сонымен қатар, делегация «Алматы-Санкт Петербор: жаңа мүмкіндіктер аумағы» конференциясына қатысты.

Жиын барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, «бұл басқосудың Алматы мен Санкт-Петербор арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытуға оң ықпал ететіндігін» атап өтті.

«Алматы мен Санкт-Петербор көршілік қарым-қатынасты нығайтуда үлкен рөл атқарады. Біздің екі қаламыз тарихи тұрғыда біріне-бірі ұқсас және шын мәнінде өз елдерінің мәдени және іскерлік орталықтары болып саналады.

Айтар болсақ, Алматы мен Санкт-Петербор арасындағы бауырмалдық қатынасқа 20 жылдан астам уақыт өтті. Біз бүгін ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға жаңа серпін беретін боламыз», - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

Өз кезегінде, Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулы Евгений Бобров Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысты одан әрі жандандыруы қажеттігін айтты.

«Біздің екі мемлекетіміз тек стратегиялық одақтастар ғана емес, сонымен қатар тең тұрғыдағы серіктестер. Расында да біздің ортақ әрі өте бай тарихымыз бар. Біздің басты міндетіміз - ата-бабаларымыздан қалған барлық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оларды байыту және өзара байланысымызды жақсарту», - деді Евгений Бобров.

Оның айтуынша, 2018 жылы Ресей мен Алматы арасындағы тауар айналымы 4,7 млрд долларды құраған.

Конференция барысында Санкт-Петербор үкіметінің мүшесі – ұлтаралық қатынастар және көші-қон саясатын іске асыру комитетінің төрағасы Олег Капитанов Алматы мен Санкт-Петербордың бірдей тұғырлы алаңда тұрғанын атап өтті.

«Біздің делегацияның құрамында мәдени қауымдастықтың, білім мен ғылым саласының өкілдері, бизнесмендер бар. Алматыға Санкт-Петербордың ең озық компаниялары келді. Басты мақсат - тек мәдени-танымдық ғана емес, сонымен қатар бизнесте, білім мен гуманитарлық жобаларда ұзақ мерзімді әрі екі жаққа да пайдалы шынайы практикалық байланыстарды орнату», - деп атап өтті О. Капитанов.

Санкт-Петербордың делегаттары Алматы әкімінің кәсіби басқармалары басшыларымен сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетін, өзара байланыс пен мектеп жасына дейінгі, жалпы, қосымша және кәсіби білім беру жүйелеріндегі бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Бұдан өзге, күн тәртібіне гуманитарлық ынтымақтастықтың, соның ішінде мәдениет және туризм салаларындағы серіктестіктің әлеуетті мәселелері енгізілді.

Шара аясында Санкт-Петербор туралы әдебиетті ҚР Ұлттық кітапханасына салтанатты түрде тапсыру рәсімі және «Квинтет Четырех» музыкалық ұжымы мен Мариинск театрының солисі Леонид Захожаевтың мерекелік концерті өтті.