02 шіл, 2022 сағат 17:55

Алматы маңындағы "Алтын-Орда" базары аумағында өрт шықты


"Алтын Орда" базары аумағындағы дәмхана өртенді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД мәліметінше, 2 шілде сағат 13:19-да кезекші бөлімнің пультіне Алматы облысының Қарасай ауданындағы Алматы-Бішкек автожолының бойында, "Алтын орда" базарының аумағында орналасқан "Жеті құрдас" базарында үш ғимараттың шатыры өртенгені туралы хабарлама түскен. Олар - самса дайындайтын үй-жай, ломбард және екі қабатты кафенің шатыры.

Өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Құрылыстың жалпы ауданы – 400 шаршы метр.

"Оқиға орнына жоғары дәрежедегі шақыртумен күштер мен құралдар жіберілді. Өртті сөндіруге Алматы облысының ТЖД (11 қызметкер және екі техника), аудандық полиция бөлімінің (алты қызметкер және екі техника) 16 қызметкері мен бес техникасы жұмылдырылды. Өрт сағат 14:14-те сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына ТЖД өрт сынақ зертханасы жіберілді" делінген хабарламада.