Алматы денсаулық сақтау саласында тұтынушылар цифрлық медицинаның игілігін айқын сезіне бастады. Бүгінде қалалықтардың басым көпшілігі Egov.kz порталы және басқа да алаңдардан электронды қызметтерді алып, алтын уақытын үнемдеп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы ауруханаларындағы заманауи тыныс лебі туралы Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Ербол Дархамбаев айтып берді.
Қандай заманауи реформа болмасын, халық игілігі үшін жасалатыны белгілі.
Әсіресе, алғысы мен сыны қатар жүретін денсаулық сақтау саласының маңызы өте жоғары. Адамның өмір сүру сапасы медициналық, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігімен өлшенеді.
«Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады», - деген болатын Президент биылғы Жолдауында.
Медицина саласында цифрлық технологияларды пайдалану бірқатар көрсеткіш бойынша тиімді әсер беретіні айқындалған. Атап айтқанда, медициналық қызметкерлердің тиімділігі, диагностика мен емдеу сапасы, медициналық көмектің қолжетімділігі артады.
«Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды жетістік ақпараттық жүйелердің бірігуі болмақ. Үлкен мәліметтер базасы (big data), блокчейн технологиясы, диагноз қойып, ем жасай алатын жасанды интеллектіні дамыту медициналық мәліметтерді бірыңғай базаға біріктіруді талап етеді. Бұл - адам денсаулығы туралы субьективті және обьективті ақпаратты машина тіліне аудару дегенді білдіреді», - деді Ербол Дархамбаев.
Оның айтуынша, қазір қалада цифрландыру үрдістері қарқынды жүріп келеді. Қаладағы 40 медициналық мекемеде пациенттерге цифрлық көмек көрсету посттары ашылған.
Көрмей-білмей жатқан адамдарға сол посттағы мамандар барлық жеңілдіктерді түсіндіреді.
Бүгінде Алматыда мобильді қосымшаларды 560 070 пайдаланушы қолданады. Бұл шамамен 20-60 жас аралығындағы интернетті белсенді пайдаланатын азаматтардың 53%-ын қамтиды. Жыл соңына дейін қолданушылардың санын 600 мыңға жеткізу жоспарда бар.
Сонымен қатар, қазір кез-келген алматылық мобильді-онлайн қосымшаларды, Egov порталы, жеке кабинеттерді пайдалана отырып дәрігерге жазылып, қан және басқа да талдаулардың нәтижесін білуге, ем шаралары туралы толық ақпарат біле алады.
Бүгінде Алматыда 1 676 437 электронды денсаулық паспорты ашылған. Яғни, тіркелген азаматтардың 90 пайызына жуығы электронды паспортқа ие.
Сонымен қатар, Алматыға қатысты айтып өтер жетістіктердің бірі ретінде ҚР ДСМ мен IBM компаниясы арасындағы меморандумды атауға болады.
Қазақ Онкология және Радиология ҒЗИ базасында пилотты жоба енгізіліп жатыр. Апробациядан Watson for oncology жасанды интеллектісі өтуде. IBM технологиясы онколог дәрігерлерге көп жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізбек.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы Алматы қалалық филиалының директорының орынбасары Дархамбаев Ерболдың айтуынша, пациенттер туралы мәліметтердің атвоматты түрде жинақталуы, диагноздар тарихы, клиникалық көрсеткіштер, жедел жәрдем шақыру, ауруханаға жату туралы мәліметтер, медициналық қызметтің сапасына қанағаттану туралы мәліметтер емдеу сапасын арттыруға септігін тигізбек.
«Егер дәрігер пациенттің жағдайын толық біліп тұрса, клиникалық көрсеткіштердің динамикасы айқын болса, асқыну жағдайлары туралы дер кезінде көріп отырса, онда дәрігердің жұмысы да тиімді болмақ. Ол дер кезінде емдеу курсын өзгерте алады. Сонымен қатар, қағаз айналамын азайту, кадр ресурстарын оңтайландыру мүмкін болса, мемлекеттің көп ресурстарын үнемдеуге болады», - деді Е.Дархамбаев.
Алматыда қазір 72 мекемеде «қағазсыз аурухана» пилоттық бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мекемелер аталған форматқа 100 пайыз көшеді.
Алматы тұрғыны Кембай Қартайғанов цифрлық медицинаның алғашқы игіліктерін көріп жүр. 59 жастағы жігіт ағасы адам денсаулығына мән берудің тереңдей бастағанына дән риза.
«Учаскелік дәрігер маған "ДамуМед" қосымшасын орнатып берген болатын. Сол қосымшаға маған скринингтен өтуге хабарлама келді. Бұрын болса осыны емханаға бармасақ немесе медбикелер хабарласқанда үйде бола қалмасақ, білмес те едік. Қосымша арқылы холестеринге, қантқа қан тапсыру керектігін, онкологиялық тексеруден өту керкетігін білдім. Дәрігерге қосымша арқылы жазылдым. Әдеттегідей, регистратураға келіп немеса звондап мазамыз кеткен жоқ. Көптен келмей кеткен едім. Көп нәрсе өзгеріпті, элеткронды кезек терминалдары тұр. Үлкен мониторлардан адамдар кезектерін көріп өтіп жатыр. Тіпті электронды қолтаңбамен Egov арқылы еңбекке жарамыздық қағазын алуға болады екен. Ол үшін ХҚКО тепеңдеуге қажеттілік жоқ. Компьютер тұр, қалаған анықтаманы басып шығара аласың. Бұл өзгерістер мен сияқты адамдарға өте керек дүние», - деді қалалық №11 емханасының тіркелген пациенті Кембай Қартайғанов.
«Қазақстанның әлемнің үздік 30 елі қатарына енуіне тек қана ЖІӨ көрсеткіші ықпал етпейді. Оған денсаулық сақтау, халық денсаулығын жақсарту, адам өмірінің ұзақтығы мен өмір сүру сапасы да маңызды әсер етеді. Цифрлық технологиялар әсіресе медицина саласында медициналық көмектің қолжетімділігі, аурулардың алдын алу сынды бірқатар маңызды проблемалардың шешуі болады», - делінген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында.