03 қыр, 2019 сағат 15:02

Алматы кәсіпкерлер есебінен күн көріп отыр – Сағынтаев

Өңірлік бизнесті дамыту үшін «Алматы бизнес-2025» бірыңғай бағдарламасы әзірленді.

Қазір біз негізгі 5 бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы кәсіпкерлерінің V конференциясында айтты.

Әкімнің айтуынша, Алматыдағы салықтың 64% шағын және орта бизнестен түседі. Сондықтан қала жеке кәсіпкерлер есебінен күн көруде.
 
«Қалада 185 мың кәсіпорын бар, яғни елімізде тіркелген әр жетінші кәсіпорын Алматыда орналасқан. Сондықтан біз қаламызда бизнестің дамуына мүдделіміз әрі әкімдік тарапынан қолдау жасай береміз. Осы тұрғыда қазір Алматының өңірлік бизнесін дамыту үшін «Бизнес-2025» бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Қазір біз негізгі 5 бағытты анықтадық, ол кедергілерді жою, бизнесті қаржыландыруды арттыру, инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу. Бұл құралдардың барлығы алдымен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталатын болады», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта IT, медицина, білім беру, әлеуметтік-экономика, туризм салаларына белсенді қолдау жасалатынын айтты.

«Осы бағытта біз «Қолдау» кәсіпкерлік орталығын аштық. Қаланың алты ауданында оның бөлімшелері бар. Онда келушілер бір терезе қағидаты бойынша кәсіпкерлік бойынша кеңестер ала алады», - деді қала әкімі.
 
Конференция барысында өңірлік бизнесті қолдаудың перспективалық бағыттары, кәсіпкерлердің Алматыдағы бизнес-ахуалын жақсарту мәселелері талқылып жатыр.