30 қаз, 2025 сағат 11:53

Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров кісі қолынан қаза тапты

Фото: Ғаламтордан

Бүгін түнде Астанада Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров кісі қолынан қаза тапты деп хабарлайды Ult.kz .

NEGE сайтының хабарлауынша түнде Астанада Алматының бұрынғы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров соққыға жығылған. Ол алған жарақаттарынан қаза тапқан. Қазір оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Kazinform-ның жазуынша Қайғылы оқиға 30 қазанға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ержан Бабакумаров таныстарымен бірге кеш өткізген. Жиналғандардың арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Соққы салдарынан алған жарақаттарынан Бабакумаров көз жұмған.

Астана қалалық полиция департаменті Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іске түсініктеме берді.

"Алдын ала мәлімет бойынша, бұрыннан таныс адамдар арасында сөзге келу болып, ол жанжал төбелеске ұласқан. Нәтижесінде 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан қайтыс болған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде", делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда дүниеге келген. 2019 – 2022 жылдар аралығында Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.