19 жел, 2019 сағат 08:38

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Тілеухан Әбілдаев Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов медициналық қоғамдастыққа Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жаңа басшысын таныстырды.

Бұған дейін, ол «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры қызметін атқарды.

Тілеухан Әбілдаев 1962 жылы 6 қарашада дүниеге келген. 1985 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірді.

Еңбек жолын 1983 жылы №2 Алматы клиникалық ауруханасында бастаған.

Осы жылдар ішінде ол хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі, содан кейін Талас орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері, Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры, түберкулез проблемалары орталығының директоры, «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМҚ бас директорының орынбасары, Алматы қалалық медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаментінің бастығы болды.

2016 - 2017 жылдары Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарды. 2018 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалының директоры болып тағайындалды.