Алматы қаласының емханаларында 22 мыңнан астам шетел азаматы тіркелген, оның 5 мыңнан астамы – ресейліктер, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын болса немесе тұруға ықтиярхаты болса, ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесі және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша көмек алуға құқылы. Бүгінгі таңда Алматы қаласының емханаларына 22 мыңнан астам шетел азаматы тіркелген. Олардың ішінде Ресей Федерациясының 5 мыңнан астам азаматы бар», - деді Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнәр Ысқақова өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Айтуынша, өткен жылдың 15 тамызынан бастап шетелдіктер мен еңбек мигранттары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға тіркелу ережелері өзгерген. Енді оларда ерікті медициналық сақтандыру шарты болуы керек.
Айта кетсек, Қазақстанда 15 қыркүйекте еркін таңдау арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркелу науқаны басталды және ол 15 қарашаға дейін жалғасады.
«Бүгінде Алматыда 73 ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетеді. Оның 40-ы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Бүгінгі таңда 6 жаңа тапсырыс жеткізуші алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге және тіркеуге ниет білдірді», - деді спикер.
Тіркелудің үш мүмкіндігі бар: тіркелу науқаны аясында, еркін таңдау және қоныс аударуға байланысты. Қажет болған жағдайда учаскелік дәрігер көмектесіп, үйде бақылап отыруы үшін тұрақты тұрғылықты жерде орналасқан емхананы таңдауды ұсынады.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық іс-шаралар бөлімінің басшысы Ләйлә Иманғалиева науқан барысында алғашқы медициналық-сараптамалық көмек ұйымына тіркелген азаматтар тек 2023 жылдың 1 қаңтарында медициналық көмек ала бастайтынын айтты. Демек, 31 желтоқсанға дейін оларға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсету жалғасады.