10 қаз, 2019 сағат 09:19

Алматы билігі автобустар санын неге арттырмай отыр?

«Алматыэлектротранс» тасымалдаушы компаниясы жолаушылар саны көп бағыттарға қосымша автобустар неліктен бөлінбейтінін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Компания өкілдерінің айтуынша, автобус саны жайлы тұрғындар жиі шағымданады.

«Күн сайын «Алматы көлік холдингі» АҚ-ға әрбір транзакция туралы ақпарат түседі. «Оңай» жүйесінде карта, SMS, QR-код, жүргізушінің билеті тағы басқа ақпараттар көрінеді. Транзакция саны қаржылық ағынды бақылау үшін ғана емес, жолаушылар ағынына талдау жасауға да мүмкіндік береді. Мамандар жолаушылар саны көп тіркелген жерде қосымша автобус бөлуге шешім қабылдайды», - деді тасымалдаушы компания өкілдері.

Кейбір бағыттарда жолаушы көп болғанмен, төлем транзакциясының саны аз болады.

«Мәселен, №212 автобуста үнемі адам көп болады. Бірақ, төлем көлемі өте аз. Ал маршрутқа автобус бөлу үшін жолаушылар санының стастистикасы маңызды. Тек сол жағдайда ғана қосымша автобус бөлінеді, болмаса сыйымдылығы жоғары автобусқа ауыстырылады», - деді «Алматыэлектротранс» АҚ-дан.