07 шіл, 2022 сағат 20:44

Алматы автодилерлеріне монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін ескерту жасалды


Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қаладағы ірі автосалондардың әрекетінен монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жаңа автокөліктерді сату нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдау нәтижелері, сондай-ақ Алматы қаласы прокуратурасының материалдары негізінде, «Astana Motors Motor Company» ЖШС (Hyundai Premium Almaty, Hyundai Auto Almaty, Hyundai Premium Batys, Сүйінбайдағы Toyota Center), «Orbis Auto» ЖШС (Nissan Center, Toyota City, Volkswagen Center) және «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС (Toyota Center Жетісу, Lexus Center Алматы) әрекеттеріне қатысты, үстем жағдайды теріс пайдалану бөлігінде, тұтынушыларға қосымша тауарларды таңу және автокөліктерді сату бойынша қызметтер көрсетуде Қазақстан Республикасының бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері анықталды" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 27 маусым күні аталған нарық субъектілеріне мұндай заңбұзушылықтарды тоқтату және алдағы уақытта оған жол бермеу қажеттігі туралы хабарламалар жіберілген.

"Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына сәйкес, нарық субъектісі хабарламада көрсетілген әрекеттерді белгіленген мерзімдерде тоқтатпаса, монополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды. Хабарламаны орындаудың және оның орындалғаны туралы ақпаратты ұсынудың соңғы мерзімі оны нарық субъектісі алған күннен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды" - дейді агенттіктің баспасөз қызметі.