28 шіл, 2023 сағат 17:21

Алматы ауруханасында АИТВ жұқтыру дерегі: бас дәрігер жұмыстан шеттетілді

Көрнекі фото: gkob.ru

Алматыда орталық қалалық клиникалық ауруханада үш пациенттің АИТВ-инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша эпидемиологиялық тергеу аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Эпидемиологиялық тергеу барысында 745 адам тексерілген. Олардың арасында 118 қан доноры, 231 медицина қызметкері, ауруханаға жүгінген немесе стационарлық ем қабылдаған 396 пациент бар. Барлығының нәтижесі теріс шыққан.

"Комиссия мүшелері клиникалық ауруханада үш пациенттің АИТВ жұқтыруы адами фактормен, атап айтқанда, орта медперсоналдың жекелеген қызметкерлерінің инвазивті манипуляциялар жүргізу кезінде операциялық процедура стандарттарын бұзуымен және олардың қызметіне бақылау болмауымен байланысты деген қорытындыға келді. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті жүйелі бұзу фактілері анықталған жоқ", - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда АИТВ-инфекция жұқтырған үш пациент ЖИТС орталыққа диспансерлік есепке қойылған. Сондай-ақ жеке емдеу схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілген. Оларға жергілікті бюджет есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Осы оқиғаға байланысты комиссия қорытындылары негізінде, сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 48-бабы 2-тармағының алтыншы тармақшасы негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Б. Табынбаев жұмыстан шеттетілген. Сондай-ақ бас дәрігердің эпидемиология бойынша орынбасары, реанимация меңгерушісі, стационардың бас медбикесі және реанимация бөлімшесінің аға медбикесі теріс себептермен жұмыстан шығарылған.

Комиссия жұмысының қорытындысы бар анықтама материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау және әрбір жауапты тұлғаның жауапкершілік шарасын одан әрі айқындау үшін қалалық полиция департаментіне жіберілген.

Департаменттің ақпаратынша, бүгінде Алматының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығында диспансерлік есепте АИТВ диагнозымен 4 429 адам тұр. 2022 жылы қалада АИТВ жұқтырған 499 тұрғын анықталған.