24 қаз, 2019 сағат 18:25

Алматы әуежайында жолаушылардың мазасын алған 95 таксист жазаланды

Алматының қоғамдық орындарында азаматтардың мазасын алған 95 жекеменшік такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл – жыл басынан бергі мәліметтер.

«WhatsApp-тағы сенім телефонымызға жиі түсетін шағымдардың бірі – жеке такси жүргізушілері жолаушыларға қызметтерін ешбір мәдениетті сақтамай ұсынуы. Бұл мәселені Алматы әуежайындағы тәртіп сақшылары үнемі қадағалап отырады. Полиция департаментінің қызметкерлері Алматы әуежайында қоғамдық тыныштықты қадағалайды. Соның ішінде жеке такси жүргізушілері мен сәлемдеме беріп жіберетін азаматтардың да тәртібі назарда», – деп мәлім етті Алматы әуежайының баспасөз қызметінен.

Сонымен, ағымдағы жылдың 9 айында қоғамдық орындарда жолаушылардың мазасын қашырған 95 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың сегізі аталған заңбұзушылықты бірнеше рет қайталаған. Нәтижесінде 17 адамға жалпы сомасы 277 750 теңге айыппұл салынды, үшеуі үш тәулікке қамауға алынды, біреуі елден шығарылды.

«Біз көптеген жолаушылар талап еткендей, бұл мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. Себебі, ешкімнің жеке автокөлік иелерін әуежайдағы тұрақтан қуып шығуға құқығы жоқ. Өйткені бұл аймақ қоғамдық болып табылады. Олар тариф бойынша тұраққа ақы төлейді. Сондай-ақ, такси жүргізушілерінің басым бөлігі жеке кәсіпкер болып саналады. Олар заң бойынша тіркелген. Бізге бұл мәселені шешуге, құрметті жолаушылар айтарлықтай көмектесе алады. Егер такси жүргізушілері немесе сәлемдеме беріп жіберетін азаматтар мазаларын алса, онда полицияға арыз түсіре алады», - деді компанияның баспасөз қызметінен.