Әлеуметтік желілерде Алматы әуежайының жүк тиеушілерінің жұмысы түсірілген ролик пайда болды. Әуежайда олардың жұмысына түсініктеме берілді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz агенттігі.
Әлеуметтік желі пайдаланушысы Тимур Артюхин Алматы әуежайында жүк тиеушілердің багажды "баскетбол ойнағандай" лақтырған видеосын жариялады. Желі пайдаланушылары видеоны жарыса талқылады.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі ұшатын рейстердің бірінде жүкті (жолаушылар багажын емес) тиеу рәсімдері бұзылғанын растады. Жүкті абайсыз тиеген қызметкерлер тәртіптік ескертулер алды.
"Мұндай қатені болдырмау үшін әуежайдағы барлық жүк тиеу персоналы нұсқаулықпен танысады, сонымен қатар олар жүктерді дұрыс сұрыптауға қатысты үлестірме материалдар алды. Жүктеу рәсімдерінің дұрыстығын бақылау үшін қосымша тексерулер жүргізілуде", - деп атап өтті әуежай өкілдері.