Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегополистің әлемнің үздік қалалары рейтингіне ену жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматы қаласының ұзақмерзімді мақсаты – өмір сапасы бойынша әлемдегі үздік 100 қаланың қатарына кіру. Бұл – нақты мақсат. Өйткені, 2019 жылы Алматы Mercer's Quality of living survey рейтингінде 177-орында тұр», - деді Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Алматы-2050» жобасының таныстырылымы барысында.
Әкім әлемдегі ТОП мегаполистер рейтингіне кіру жеке мақсат емес екенін атап өтті. Бұл қадам Алматыны қаржы, тауарлар, кәсіби қызметтер мен ақпараттар ағымына қызмет ететін жаһандық толыққанды халықаралық хабқа айналдыру үшін қажет.
«Қала Орталық Азия кеңістігіндегі іскерлік және халықаралық байланыстар орталығы болуы керек. Осындай халықаралық деңгейдегі интеграцияланған қаланың жолы айқын. Әлемдік рейтингтердің өлшемдері мен көрсеткіштері белгілі. Біз алдымызға үлкен міндет қойдық – халықаралық рейтингтерде бағаланатын жаһандық қалалардың әлемдік жүйесіндегі Алматының орнын нығайту», - деді әкім.