Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына ЖЭО-2-нің газға өтуін жылдамдатуды тапсыруын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкім экология мәселесі барлық қала тұрғындарын алаңдатып отырғанын атап өтті. Қауіпті факторлардың бірі – зиянды заттардың шығарылуы.
«2018 жылы қоршаған ортаға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 123 мың тоннаны құрады, оның ішінде ЖЭО-2 үлесі 27% болды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ қолданыстағы стансыны газға ауыстыруды көздейтін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде. Жобаны іске асыру арқылы атмосферадағы зиянды шығарындылардың үлесін 17 есе азайтуға мүмкіндік бар. Осы жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, «Самұрық-Қазынаға» сәйкес құжаттамалар әзірленіп болған соң барлық процедураларды тездетуді тапсыруыңызды сұраймын», - деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан Алматыны әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған отырыста.