17 мау, 2022 сағат 17:52

Досаев Кеңсай-3 зиратының орнына саябақ салу туралы өтінішке жауап берді


Алматыдағы «Думан» ықшамауданының тұрғындары «Кеңсай 3» зиратының салынуына қарсы. Олар Ерболат Досаевтан оның орнына саябақ аймағын құруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселенің оңай емес екенін айтқым келеді, біз қазір шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Өкінішке қарай, Кеңсай-2-де жер учаскесі жоқ. Бағанашыл, Бұрындайдағы басқа да зираттар толы. Қазір біз Алматы облысымен бірлесе отырып жер учаскесін қарастырып, іздеп жатырмыз»,- деді Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында. 

Сонымен қатар ол қаладан 100 гектар жер табу оңай шаруа емес екенін айтты. 

«Бұл мәселе туралы білемін. Өзім де бірнеше рет барып көрдім. Егер басқа жолдары табылып жатса, саябақ аймағын құрамыз. Әзірге, ештеңе айта алмаймын. Бірақ бұл мәселемен менің орынбасарым айналысып жатыр. Шілде айының басына дейін біраз мәлімет аламыз деп үміттенеміз», - деп жауап берді әкім тұрғындар сауалына. 

Бұған дейін әкімдік «Думан» ықшам ауданының оңтүстігі, «Кеңсай» зиратының шығысы мекенжайында аралас үлгідегі зиратты ұйымдастыру үшін ауданы 92,08 га учаске бөлінгені туралы хабарлаған болатын.