Бақытжан Сағынтаев Алматының бюджеті есебінен салынған үйлердің сапасын тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бақытжан Сағынтаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол ең алдымен Арыс қаласында қайта қалпына келтірілген үйлердің сапасын тексерді.
Еске салсақ, қала 24 маусымда болған жарылыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен еді. Бүкіл ел болып жұмылып, қала қалпына келтірілді. Ол үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар саны бойынша Арысты 17 секторға бөлді. Алматыға №14 сектор берілді.
Оңтүстік астананың жауапкершілік аймағында қалпына келтіруді қажет ететін 531 үй анықталды. Оның 503-і қайта қалпына келтіріліп, күрделі жөндеуден өтті. 28 баспана жаңадан салынды.
Алматы секторында құрамында 300 құрылысшысы бар бес құрылыс компаниясы жұмыс істеді.
Айта кетейік, 24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімдегі оқ-дәрілер қоймасында жарылыс болды. Жарылыстарда 3 адам - Арыс қаласының тұрғыны және екі әскери қызметкер қаза тапты.