Алматы-2 вокзалында өрт шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Алматы-2 вокзалының ғимаратынан жолаушылар эвакуациялағаны туралы хабарлама пайда болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі ақпаратты растады. 29 қарашада сағат 14:08-де вокзал ғимаратының төбесі өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, 43 өртсөндіруші мен 14 техника жұмыс істеп жатыр.
"Алдын ала 100 шаршы метр алаңда вокзалдың негізгі ғимараты шатырының ағаш тақтайшасы өртенді, адамдар ғимараттан өз бетінше шықты, зардап шеккендер жоқ. Сағат 14:30-да өрт оқшауланды", - деді ТЖМ өкілдері.
Сағат 14.50-де өрт сөндірілді. Вокзал штаттық режимде жұмыс істеп жатқаны, пойыздар кешікпегені атап өтілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.