Тараз қаласындағы ЖД-158/7 түзеу мекемесінде сотталушы түрменің үш қызметкеріне шабуыл жасап, оларды жаралады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазған болатын. Ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Сотталушы "Аллаһу акбар" деп айқайлап, қырынуға арналған ұстараның алмасымен күзетшілердің бірінің кеудесін тіліп жіберген. Жарақат алған әділет лейтенанты жасақ командирі болған. Сотталушының әрекетін тоқтатпақ болған тағы екі түрме қызметкерлері де жараланған.
"Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/7 мекемесінде таңғы тексеріс кезінде сотталған мекеме әкімшілігі қызметкеріне шабуыл жасады. Зардап шеккендерге қажет медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы бірқалыпты.
Қызметкерлерге шабуыл жасаған сотталушы тәртіп изоляторына оқшауландырылды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметтік тергеу тағайындады", - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі өкілдері.