Ресейлік олимпиада чемпионы Алина Кабаеваның Швейцариядағы үйі деп айтылатын жылжымайтын мүлік 75 млн швейцариялық франкқа (шамамен 75,5 млн доллар) сатылымға шығарылды. Бұл жөнінде шетелде тұратын ресейлік оппозициялық саясаткер Михаил Ходорковский негізін қалаған "Досье" сайты хабарлады, деп жазады Азаттық.
"Досье" тілшісі жылжымайтын мүлікті сататын риелторға хабарласып та көрген.
"Национальная медиа группа" жеке холдингінің топ-менеджері Кабаеваны көптеген журналист-зерттеушілер Ресей президенті Владимир Путиннің балаларының анасы деп атайды. Оған халықаралық дәрежеде көп санкция салынған.
Аталған нысан Швейцария және әлемдегі ең бай муниципалитеттердің бірі Колониде орналасқан. Ол жөнінде Кабаева туралы материалында америкалық Wall Street Journal басылымы да жазған. Мақалада спортшының Лугано резиденциясында және тікұшақ алаңы бар Колонидегі виллада тұрғаны айтылады. "Досье" журналисінің жазуынша, муниципалитетте сондай бір ғана алаң бар.
Ол Rampe de Cologny көшесінде – бұрын Ресей президенті Владимир Путиннің досы Геннадий Тимченкоға тиесілі болған үймен қатар тұр. Бұл жер – "Hauterive вилласы" атпен белгілі нысанның бір бөлшегі. Қазір аумақ екіге бөлінген: бірі бұрын Швейцария президенті Гюстав Адорға тиесілі болған, ал кейінгі жылдары оны Сауд Арабиядан шыққан азаматтар сатып алған. Кабаева тұрақтаған екінші нысан құжат бойынша қаржыгер Пьер Ален Фолье мен әйелі Ван Линьге тиесілі.
"Досье" тілшісі өзін Женева жағалауынан баспана іздеп жүрген банкир көмекшісі ретінде таныстырып, үй жөнінде саудаласып көрген. Риелтор сұрақтарға жауап беріп келе жатып, "Кабаевамен байланысты деп айтылып жүрген үй осы ма?" деген сұраққа келгенде жауап беруді кілт тоқтатқан. Бұдан соң риелтор нысан саудадан алынғанын айтып, әңгімелесуден бас тартқан. Журналист сұрағынан соң үй туралы хабарландыру өшірілген.