22 қаң, 2019 сағат 21:52

Әлімжеттік жасаған оқушыларға қатысты тергеу амалдары басталды

Түркістанда әлімжеттік жасаған мектеп оқушыларына қатысты тергеу амалдары басталды. Бұл туралы бүгін қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін әлеуметтік желіде  тараған № 31, №18, №11 орта мектептің 9-сынып оқушыларының арасындағы әлімжеттік барлығымыз үшін күтпеген жағдай болып отыр. Төбелеске қатысушылар толық анықталып, полиция тарапынан тергеу жұмыстары басталды. Оқиға қаламыздағы мектептің 9-сынып оқушылары арасында сабақтан тыс уақытта, яғни кешкі сағат 17:00 шамасында болған.  Тергеу барысында ата-аналардың, мектеп басшыларының және ювеналды полиция тобының жауапкершіліктері қаралуда», - деді Ақмарал Батырбекова.  

Оқиға  облыстық білім басқармасының, облыстық Полиция департаментінің қатаң бақылауына алынған.

Еске салсақ, әлеуметтік желілерде бір топ мектеп оқушыларының төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік жасап, ұрып-соққаны туралы видео тарап кетті. Бұл оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі жауап беріп, әлімжеттік жасағандардың анықталғандығы туралы хабарлаған болатын.