Тауарларды бақылау ұлттық жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет еліміздің шекарасы арқылы заңсыз сауда-саттықа қарсы іс-қимыл кешенді жоспарын бекітті. Тауарларды бақылау ұлттық жүйесі енгізіледі. Салықтық және кедендік әкімшілеуді цифрландыру тереңдетіледі. Жалған транзит ағынын мониторингілеу және қысқарту үшін навигациялық пломбаны енгізу кеңейтіледі», - деді ол.
Бірінші вице-премьердің атап өтуінше, тауарларға арналған декаларцияларды шығару және бақылау бөлігінге кедендік қызмет орталықтандырылған. Мәліметтерді сараптау үшін жасанды интеллекті технологиясы да енгізіліп жатыр. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қашықтан өзара іс-қимылға негізделген ірі бизнесті көлбеу мониторингілеу жобасы қолға алынған.
«Шетелге капиталды жылыстатуға қарсы іс-қимыл және экономиканы деоффшорландыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілу үстінде. Мәліметтерді электронды түрде алмасу үшін ЭЫДҰ-мен көпжақты конвенцияға қол қойылды. Толықтай алғанда ұсынылған іс-шаралар мемлекеттік бюджет кірісін арттыруға бағытталған», - деді Әлихан Смайылов.