25 там, 2022 сағат 22:11

Әлихан Смайылов Қырғызстанның Үкімет басшысымен келіссөз жүргізді


Шолпан-Атаға жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Кездесу басында Әлихан Смайылов Ресей Федерациясының Ульянов облысында Қырғызстан азаматтарының көлік апатына ұшырап, қаза болуына байланысты көңіл айтты.

«Осындай ауыр кезде қайғыларыңызға ортақпын, зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тілеймін. Қазақстан Президенті және өз атымнан жақындарынан айырылған отбасыларға және жалпы бауырлас қырғыз халқына көңіл айтамын», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Қырғыз Республикасының бауырлас ел, сондай-ақ Қазақстанның өңірдегі негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша табысты өзара іс-қимыл жолға қойылған», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр осы жылдың наурыз және мамыр айларында өткен мемлекет басшыларының кездесулері барысында екіжақты стратегиялық әріптестіктің алдағы бағыттары айқындалғанын еске салды.

«Біздің негізгі мақсатымыз – мемлекет басшылары қойған міндеттерді толық жүзеге асыру және қазақ-қырғыз ынтымақтастығын одан әрі нығайту. Атап айтқанда, өзара сауда көлемін 2 миллиард долларға дейін ұлғайту», — деді Әлихан Смайылов.

Кездесу барысында тараптар бірлескен индустриялық сауда-логистикалық кешен салу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін және т.б. талқылады.