Фото: primeminister.kz
Әлихан Смайылов Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
29 наурызда Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынатынын, жауапкершілік те сол партияға жүктелетінін мәлімдеген болатын. Amanat партиясы көп ойланған жоқ. Бүгін Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов Тоқаевтың қабылдауында болды. Аманаттықтар Үкімет басшысы лауазымына Әлихан Смайыловты лайық көрген.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың басқа фракцияларымен талқылады.
"Ата заңымыздың 44-бабына сәйкес, Премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынамын. Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа Үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын", - деді Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Смайылов Әлихан Асханұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді. Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан 97 депутаттың 82-сі оның кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды.
Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Асханұлы Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
"Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындалсын", - делінген Жарлықта.
***
Смайылов Әлихан Асханұлы 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.
1993–1999 жылдары – «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.
1999–2003 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.
2003–2006 жылдары — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.
2006–2009 жылдары — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті.
2009–2014 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.
2014–2015 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.
2015–2018 жылдары — ҚР Президентінің көмекшісі.
2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі.
2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.
2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.