ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі тұрғындар арасында онкологиялық аурулардың көбеюіне зымыран тасығыш бөлшектердің құлауы әсер ету мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда зерттеу нәтижелері бойынша алынған деректер зымыран-ғарыш қызметінің тіршілік ету ортасының жай-күйіне және тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандарымен шектес аумақтағы елді мекендер тұрғындарының денсаулығына тікелей әсерін расталмағанын көрсетеді. Гептил зымыран отынының депутаттық сұрауда сипатталған патологияға қатысы жоқ. Өйткені «Протон-М» зымыран тасығышынан бөлінетін бөліктердің құлайтын аудандарда елді мекендер жоқ», - деп деді Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның айтуынша, «Протон-М» зымыран тасығышының құлау ауданы Жезқазған қаласынан 73,3 шақырым жерде орналасқан.
«Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 2014 жылғы 24 қарашадағы отырысы аясында Қазақстан Республикасының қоршаған ортасына экологиялық жүктемені азайту үшін 2017 жылдан бастап гептил жағатын «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды қысқарту (2017 жылы 2-ұшыру операциясы, 2020 жылы тағы 2 операция қысқартылды. 2025 жылы 5 – ке дейін) және бұл санаттағы зымыран тасығыштардың ұшуын мүлде тоқтату көзделген», - деп жазады Үкімет басшысы.
Жауапта Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі халықтың арасында онкологиялық аурулардың арту себебін зерттеу қолға алынғаны айтылған.
«Сонымен қатар Қарағанды облысының Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерттеу мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 4 наурыздағы 69-Ө бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірдің жұртшылық өкілдерімен бірлесіп ведомствоаралық комиссия құрылды», - делінген жауапта.