06 мам, 2022 сағат 15:45

Әлихан Смайылов ғасыр жасаған соғыс ардагерін құттықтады


Әлихан Смайылов ғасыр жасаған ҰОС ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жақында 100 жасқа толған мерейтойын атап өткен Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Волкодавпен кездесіп, оны алдағы Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.

«Сіз – аты аңызға айналған жеңімпаздардың бірісіз. Табандылық, қайсарлық пен өр рухтың арқасында Сіз адамзаттың баға жетпес құндылығы – еркіндікті қорғап қалдыңыз. Бүгінде қазақстандықтар бейбіт аспан астында еңбек етіп, жетістіктеріне қуанып, болашағына зор сеніммен қарай алады. Мұның бәріне Ұлы Жеңіс қаһармандарының, соның ішінде Сіздің арқаңызда қол жеткізілді», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр біздің міндетіміз – өскелең ұрпақты жоғары патриоттық құндылықтарға тәрбиелеу екенін атап өтті. 

«Сізді құттықтай отырып, Ұлы Отан соғысының барлық батырына құрмет көрсетемін. Зор денсаулық пен сарқылмас күш-қуат тілеймін! Сіздің өнегелі өмір жолыңыз бен ғибратты ғұмырыңыз жастарымызға үлгі болсын», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Айта кетсек, Валентина Волкодав 1922 жылы 22 наурызда дүниеге келген. 1941 жылғы 1 қазанда Қызыл әскер қатарына шақырылып, 1945 жылғы 20 қазанда жауынгерлік жолын аяқтады. 1-ші Беларусь және 1-ші Украина майдандарында сержант атағында қызмет етті. 

Валентина Архиповна — 2-дәрежелі Отан соғысы орденінің, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да медальдардың иегері. 1962 жылдан бастап Целиноградтағы керамика зауытында бухгалтер болып жұмыс істеді, ал 1992 жылдан бастап Петропавлда тұрады. Зейнеткердің төрт немересі және үш шөбересі бар.