Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Ақтөбенің Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Хромтау ауданында «Aǵtóbe-adaldyǵ alańy» жобалық кеңсесінің, «Ашық әкімдіктің» жұмыстарымен танысты. Биыл пайдалануға берілген әкімшілік ғимаратта сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытында бірнеше жоба іске асырылған.
Аудан әкімі Нағымжан Алдияров халықпен тығыз әрі ашық қарым - қатынас орнату мақсатында әлеуметтік желілерде тікелей байланыста тұрғындардың сауалдарына жауап беретіндігін жеткізді. Әкімдікте өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов биыл Хромтау ауданында сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірде-бір факті тіркелмегенін айтты. Агенттік төрағасы мұны аудан экономикасының жақсаруымен байланыстырды. «Aǵtóbe-adaldyǵ alańy jobalyǵ keńsesiнің мақсаты тұрмыстық сыбайластықтың түбін жою. Меніңше барлық ауыл, аудандарда жұмыстар дәл осылай жасалу қажет»,- деді Алик Шпекбаев. Ауданда ауыз су, көгілдір отын 95%, жол 85-90%, аулаларды қалыпқа келтіру 100% шешімін тапқан. Ақтөбе облысындағы барлық аудан әкімдіктерінде «Aǵtóbe-adaldyǵ alańy jobalyǵ keńsesi» жұмыс істейді. «Аталған жұмыстарды талапқа сай орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жасалып жатыр, әкімдіктерде кеңселер жұмыс істеп тұр, сондай-ақ, интернет желісін жақсартуды да қолға алудамыз»,- деді облыс әкімі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, облыс әкімі Оңдасын Оразалин Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжіндегі «Саналы ұрпақ», «Адалдық алаңы», «Адалдық дүкені» жұмыстарын көрді. Ақтөбе облыстық білім басшармасының басшысы Ләззат Оразбаева білім саласындағы сыбайластықты болдырмау бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды. Оқушылар мен жастардың бойында сенім атмосферасын қалыптастыруға арналған «Адалдық дүкені» облыс бойынша 35 колледж бен 324 мектепте ашылған. Ұстаздар арасында «Мен сыйлық алмаймын» акциясы өткізіліп, тамыз кеңесінде «Aǵtóbe - adaldyǵ alańy», білім басқармасы, аудан әкімдерімен үш жақты меморандумға қол қойған. Жұмыс сапарының соңында агенттік төрағасы «Батыс Жер» кемпингінің және Нұр-Ақтөбе шағын ауданы «EXPO» ғимаратындағы Алматы аудандық әкімдігінің сервистік қызметімен танысты.