Мақсатты ағымдағы трансферттердің негізгі көлемі әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджетаралық қатынастардың қолданыстағы жүйесі алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сай келеді деп атап өткен жөн. Дамыған елдерде трансферттер өңірлерге бюджеттік шығыстар мен кірістер мүмкіндігі арасындағы айырмашылықты жабуға бөлініп, арнаулы сипатқа ие емес. Әлемдік тәжірибедегі көпшілік мақұлдаған осындай қадам ағымдағы шығыстарды жергілікті бюджеттерге объективті бөлуге қамтамасыз етеді. Сәйкесінше, бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын кепілдік етілген мемлекеттік қызметтерге барша өңірдің халқына тең қолжетімдік ескерілген. Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттер параметрлерінде оңтайлы өзгерісті байқап отырмыз», - деді Ә. Қуантыров бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда жергілікті атқарушы органдардың болжамға қарағанда жеке кірістер бойынша асыра орындау көлемі 117 пайызды құрап, олардың даму бюджеті 106 пайызға өсті. Орталыққа тәуелділік 2019 жылдағы 59 пайыздан 2021 жылы 56 пайызға дейін қысқарды.
«Сонымен қатар, жекелеген өңірлердің мақсатты трансферттерге тәуелділігінің сақталуы үнемі сынға ұшырап жатады. Бюджеттік процесті жетілдіру үшін бізде тиісті резервтер бар», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мақсатты ағымдағы трансферттердің негізгі көлемі әлеуметтік салаға тиесілі. Бұлар әлеуметтік сала жұмыскерлерінің, ішкі істер органдары мен басқа да салалар қызметкерлерінің еңбегін төлеуді арттыруға байланысты шығыстардың шамамен 70 пайызы.
«Бұл шығыстар қолданыстағы үш жылдық трансферттердің кезеңінде пайда болды және олар 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде жергілікті бюджеттер базасына беріледі. Атап өтсек, жеке өңірлердің тәуелділігі өңірлік мәртебенің өзгеруімен түсіндіріледі», - деді ведомство басшысы.