Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Астанадағы су тапшылығы мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы сумен қамтамасыз ету өте маңызды міндет екенін атап өтті.
«Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілді. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар.
Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек.
Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық» - деді Президент.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы су қоймасы лайланып, ластанып жатқанын да еске салды.
«Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек.
Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес.
Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс» - деді Тоқаев.
Президент Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайтынын қадап айтты.
«Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз.
Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге, Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек» - деп түйіндеді ол.