01 нау, 2019 сағат 15:10

Алғыс айту күнін батыс өңірі қалай атап өтті?

Бүгін - Алғыс айту күні. Алғыс айту күні елімізде 2016 жылдан бастап Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясында айтқан бастамасы бойынша атап өтіліп келеді. Осынау атаулы датаға орай еліміздің әр түкпірінде салтанатты іс-шаралар жалғасын табуда. 

Бүгін «Алғыс айту» күніне орай Батыс Қазақстан облсында этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, ақсақалдар мен қала тұрғындары, студент жастарымен мектеп оқушылары қатысуымен «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші жанында жиын өткізіліп, гүл шоқтары қойылды.

- Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бұл ерекше мереке. Себебі 1-наурыз Елбасымыздың шешімімен Ассамблея күні және де Алғыс айту күні болып жарияланған болатын. Бұл елімізде тұрып жатқан барлық этностардың ынтымағы, бірлігі мен достығының нағыз символына айналған бірегей институт. Алғыс айту күні – бұл қиын-қыстау уақытты бірге өткерген және ең қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды бірге құрған азаматтардың бір-біріне деген өзара құрметінің, мейірімділігінің, достығының мерекесі. Бұл ортақ тарихымызға, жылдар бойы елімізде достық пен өзара түсінікті қалыптастырған аға ұрпаққа, біздің әкелеріміз бен аталарымызға деген құрмет. Сондықтан ортақ мерекеміз құтты болсын!,-деді салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ мерекелік шараға жиналғандарды «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Эдуард Фрицлер, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абуязид Хасиев, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий АН және тағы басқа этномәдени бірлестіктерінің өкілдері құттықтады.

Алғыс айту күніне орай Ақтөбе облысының барлық елді мекендерінде кең ауқымды қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. 3 мыңнан аса ақтөбелікке  жалпы сомасы 27,2 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысқан басты ресми салтанатты шара Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішінің алдындағы алаңда өтті. Мұнда ұлттық тағамдардың жәрмеңке-көрмесі мен азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған облыстың барлық аудандары қатысты.

Салтанатты шараны «Қазақ еліне мың алғыс» театрландырылған көрмесі ашты. Облыстағы барлық 18 этномәдени бірлестіктің өкілдері би және музыкалық нөмірлерімен сахнаға шықты. Олардың әрқайсысы алғыстарын айтып, әр түрлі тілде өз Отаны – Қазақстанды мадақтады.

«Алғыс айту күні – бұл барлық ұлыс өкілдерінің бір-бірін және барлығы бірігіп қазақ халқына толыққанды мемлекетте, халықаралық келісім мен бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқандары үшін алғыстарын білдіретін күн. Бұл ризашылық біздің әрдайым жүрегімізде, бірақ біз бүгін оны жұмыла, әсіресе Қазақстанға қоныс аударған халықтардың өкілдері болып білдіре аламыз»,- деді Қазақстан кәрістері қауымдастығының Ақтөбе филиалы төрағасы Константин Цхай.

«Тәуелсіздік жылдары, тарихи Отанға оралу мүмкіндігі туған кезде ақтөбелік болгарлардың ешқайсысы кетпеді, өйткені осы күнге дейін алғашқы қоныс аударушылардың ұрпақтары тұрып жатқан кішкене ауылдары – Болгарканы өздерінің кіші Отандары деп санайды. Осы бір мереке күні халқымның атынан бізге Отан болған Ұлы далаға үлкен алғысымды білдіремін»,- деді облыстық «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің басшысы Анастасия Подольянова.

Ақтөбеліктерді құттықтаған өңір басшысы Алғыс айту күні біздің ортақ тарихымызға деген құрмет, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген мейірімділігі, достығы пен махаббаты мерекесі екенін атап өтті.

«Отандастарымыздың ықыласының арқасында осы бір мереке күндері мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуде үлкен жұмыстар жүргізілуде. Біздің барлық қалталы азаматтарымызға, кәсіпорын басшылары мен жалпы жұршылыққа игі істерді жүзеге асыруға белсенді түрде қатысқандары үшін  алғыс білдіргім келеді. Біздер осындай жобаларды бірлесе жүзеге асыра отыра өзіміздің ауызбіршілігі мен тағдырына бей-жай қарамайтынымызды көрсетеміз»,- деді О.Оразалин.

Ал, Атырауда әр түрлі ұлт өкілдері мерекені атап өтуге жиналды.  Салтанатты шарада Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл күннің барлық қазақстандықтар үшін маңыздылығына тоқталып, еліміздегі сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің Алғыс айту күнінде дархан көңілмен қабылдаған қазақ жеріне ризашылықтарын білдіретінін атап өтті.

-Халқымыз қиын кезеңдерде қаншама адамдарды қабылдады, оларға Қазақстан туған үйлеріндей болып кетті. Мемлекет басшысының саясаты барлық этностардың тең құқылы болуына негізделген. Еліміздегі тұрақтылық, ұлтаралық келісім - мемлекетіміздің табысы. Бұл істе баршаңыздың үлесіңіз бар, - деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі өңірдегі 20 этномәдени бірлестің жетекшілеріне ризашылық білдірді. Қазақстан халықтары Ассамблеясының этностардың мәдениетін, бірлігін дамытуға қосып жүрген үлесі зор екеніне тоқталды.

- Бұл бізге алдымызда тұрған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Мұны Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде де айрықша атап өтті. Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті-азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, әл-ауқатын арттыру. Елбасының барлық тапсырмаларын орындау мемлекетіміздің экономикалық дамуына жол ашады. Бұған бізде мүмкіндік мол, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.