Фото: depositphotos.com
2025 жылдан бета (ß) ұрпақ өмірге келмек. Ал оның алдындағы ұрпақ қандай еді? X, Y және Z ұрпақтарының арасында мәдени, әлеуметтік, психологиялық айырмашылықтар бар. Осы айырмашылықтар қоғамда қалай әсер етеді? Бүгін Ult.kz тілшісі осы тақырыпты тарқатып көрді.
2025 жылдан бастап дүниеге келетін Бета-балалар (Generation Beta) цифрлы қоғамда жасанды интеллектімен біте қайнасып өседі. Олардың көпшілігі ХХІІ ғасырға аяқ басып, ол заманның да куәгері болады. Бұл буын 2039 жылға дейінгі жалғасады.
Ұрпақтар сабақтастығы
Альфа буын – 2010 жылдан 2024 жылға дейін туғандар.
Z буын 1996-2010 жылдар аралығында өмірге қадам басты.
Ал Y ұрпағы миллиениалдар – 1981-1996 жыл аралығында туды.
Х-ұрпаққа 1965-1980 жылдары туғандар жатады. (Generation X).
Бэби-бумерлер — 1946–1964 туған буын.
Үнсіз ұрпақ – 1928–1945 жылғылар.
Ұлы ұрпақ – 1901–1927 жылы туғандар.
Ұрпақтар теориясына сүйенсек, қазір мектептерде z, α ұрпақтары отыр. Олардың басқа ұрпақ өкілдерінен айырмашылығы, гаджеттермен бірге өсуінде жатыр және олар шапшаң, сезімтал, сауатты болып келеді. Мұндай балаларды тәрбиелеуде олар елестете де алмайтын өткен ғасырдағы әдеттерді, көздерімен көрмеген қарым-қатынасты, өзіміз балалық шақта қызыға тыңдаған ертегілерді ұзақ әңгімелеп берудің тиімділігі төмен. Бүгін мектептерде x, y ұрпақтың өкілдері z және αα ұрпақ өкілдеріне білім беріп жатыр.
«Бүгінде ығысып, Бета ұрпаққа жол беріп отырған альфа буын 2010 жылдан кейін туған. Олар технологияны ерте жастан меңгеруге бейім, жаңаша ойлайды, инновацияларға ашық, шығармашылық қабілеті жоғары, қоршаған орта мен әлеуметтік мәселелерге назар аударады, экологиялық сана мен әлеуметтік әділеттілікке қызығушылығы бар. Сондықтан олармен тиімді, табысты қарым-қатынас құру үшін ересектер кейінгі заман ұрпағының қызығушылығын ескере отырып, білім беру үдерісінде технологияларды белсенді түрде пайдалануы керек, шығармашылық жобалар мен тапсырмалар арқылы ынталандыру және олардың пікірі мен ұсынысын тыңдап, құрметтеп, сын-пікірін бағалауды үйренуі керек», – дейді психолог Майра Алпысбай.
Бета-ұрпақ
Ұрпақтар теориясын алғаш рет ғылымда мажар әлеуметтанушысы Карл Маннгейм 1928 жылы жарық көрген эссесінде тұжырымдаған. Мангеймнің пікірінше, адамдардың жастық шағы өткен әлеуметтік-тарихи орта қоғамға және келесі ұрпақ қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді. Сондай-ақ ұрпақтарды жіктеу теориясын Уильям Штраус пен Нил Хау секілді ғалымдардың еңбектерінен табуға болады.
Бүгінгі Бета-балалар толығымен цифрлы әлемде өмір сүреді, ақылды құрылғылар олардың тұрмыс-тіршілігінің бөлінбес бөлшегі болады.
Бета ұрпақ өзгеше адамдар болып жаратылған жоқ. Ал жаңа технологиялар адам психологиясын толығымен өзгертпейді, олар тек ойлаудың және мәліметті өңдеудің жаңа құралдарын ұсынады.
«Бета ұрпақ жасанды интеллектіні игеріп, сонымен тікелей жұмыс істейтіндіктен, жеке тұлғалық болмысы қалай қалыптасса оны солай пайдаланады. Елімізде бета балалар әлеуметтік өзгерістер заманында қалыптасады, олар Х ұрпаққа ұқсайды. Үлкендердің жасаған қателіктерінен сабақ алып, сыни ойлауға көп мән береді. Олар миллиениалдар мен зумерлердің баласы болғандықтан, оларға ата-анасы көп уақыт бөлмеген, қараусыз қалған ұрпақ екені сөзсіз. Сондықтан өз бетімен өскен балалар деуге болады. Оларға отбасы маңызды емес. Олар жұмысқа, мансапқа мән береді. Себебі ата-анасынан алмаған мейірімді басқа жерден іздейді», – дейді психолог Майра Алпысбай.
Миллиениалдар мен зумерлердің баласы альфа ұрпақтан өздерін кем деп санамайды. Оларға ешкім де үлгі емес. Олар нақты тәжірибемен өмір сүреді. Оларды біреуге теңеу немесе салыстыру – бос әурешілік дер едім. Беталар тек өздерінің жетістіктерімен мақтана алады.
Әлеуметтанушы және футуролог Марк Маккриндлдің пікірінше, 2025-2039 жылдары туылған балалар «бета ұрпақтың» өкілдері болады.
Бұл ұрпақ «Альфа буыны», яғни 2010-2024 жылдары туылғандардан кейін өмір сүреді. Атап өтілгендей, «бета буынының» өкілдері «климаттың өзгеруі, жаһандық демографиялық өзгерістер және жылдам урбанизация» сияқты күрделі сынақтармен күресетін әлемді мұра етеді.
— Бета ұрпағы жасанды интеллект пен автоматтандыру білім мен жұмыстан бастап денсаулық сақтау мен ойын-сауыққа дейін күнделікті өмірге толығымен біріктірілген дәуірде өмір сүреді, — деді Маккриндл.
Оның болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай «бета ұрпақ» бүкіл әлем халқының 16%-ына дейінгі бөлігін құрайды.
Ақбота Мұсабекқызы