09 сәу, 2022 сағат 13:54

Альфа-Банк пен Сберге қарсы санкциялар қазақстандық клиенттерге қалай әсер етеді?


ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Альфа-Банк пен Сбербанкке қарсы санкциялар қазақстандық клиенттерге қалай әсер ететінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

2022 жылдың 6 сәуірінде АҚШ Ресейдің екі банкіне – "Сбербанк" ЖАҚ және "Альфа-Банк" АҚ-ға қатысты санкцияларды кеңейтті. АҚШ Қаржы министрлігі Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) бұл банктер және олардың еншілес ұйымдары, оның ішінде Қазақстанда орналасқан ұйымдары SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне енгізді. Оның нәтижесінде АҚШ қаржылық мекемелерін қоса алғанда, АҚШ иелігіндегі немесе АҚШ тұлғалары бақылауындағы я АҚШ юрисдикциясы шегіндегі барлық меншік және меншіктегі мүдделер бұғатталады және олар туралы OFAC-қа хабарлау қажет екені хабарланды.

Бұдан басқа, бір немесе бірнеше бұғатталған адамға тікелей немесе жанама, жеке немесе жиынтығында, 50 немесе одан көп пайызға тиесілі кез келген адамның бүкіл мүлкі және мүліктегі үлестері де бұғатталады. Тиісінше, АҚШ тұлғаларына, оның ішінде АҚШ қаржылық мекемелеріне, егер бұл ұйымдар  OFAC-тан босатылмаса немесе уәкілеттік берілмесе, олармен операциялар жасауына тыйым салынған.

Ақпарат бойынша, OFAC Альфа-Банкпен 2022 жылғы 6 мамырға дейін, Сбербанкпен 2022 жылғы 13 сәуірге дейін мәмілелер аяқтау мерзімін белгіледі.

Бұл екі банктің клиенттеріне АҚШ долларымен төлемдер және аударымдар операциясы қолжетімсіз болады. Бұл ретте клиенттер ұлттық валютадағы банкішілік операцияларды қандай да болмасын шектеусіз жүзеге асыра алады.

"Атап айтқанда, Альфа-Банкке қатысты енгізілген санкциялар бірқатар уақытша шектеулерге әкелді. Банк жеке және заңды тұлғалар үшін АҚШ долларындағы және еуродағы аударымдарды тоқтата тұрды. Бұдан басқа, жеке және заңды тұлғалар үшін банкоматтар мен POS терминалдардың меншікті желісінен тыс Visa және MasterCard карталарының жұмысы тоқтатыла тұрды. Альфа-Банк уақытша жеке және заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақша алуға және аударым жасауға лимиттер енгізді, кредиттер беруді тоқтатты. Альфа-Банкті қоспағанда, басқа банктердің карталарымен заңды тұлғалар үшін POS-терминалдардағы төлемдерді қабылдау тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Бұл ретте клиенттер банкоматтардан қолма-қол ақша алып, жедел төлем жүйесіне (ЖТЖ-не) қатысушы банктерге телефон нөмірі бойынша мобильдік қосымшадағы ақшаны теңгемен және тәуліктік лимит шегінде басқа банктерге шот деректемелерін аудара алады. Коммуналдық қызметтер, ұялы байланыс және басқа да қызметтер үшін төлемдер тәуліктік лимит шеңберінде штаттық режимде өтеді.

"Жалпы алғанда, Ресейдің еншілес банктері клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындайды, оның ішінде салымдарға, кредиттерге қызмет көрсету, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау және беру. Бұл банктер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысады, бұл азаматтар қаражатының сақталуына кепілдік береді.

Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне байланысты емес және оларға әсер етпейді", - деді агенттік өкілдері.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз тарапынан банк секторындағы ахуалды күнделікті мониторингтеуді жүзеге асыратынын және қажет болған жағдайда, сыртқы экономикалық тәуекелдердің қаржы нарығының тұрақтылығына ықпалын әлсірету үшін қажетті шаралар қабылдайтынын хабарлады.