30 нау, 2021 сағат 08:02

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыру керек – Мамин

Егіс алаңдарын әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аудару керек. Бұл турал бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бірінші. Өңірлердің әкімдеріне тізбелер мен субсидиялар нормаларын бекіту жұмысын бір апта ішінде аяқтауды тапсырамын. Бұл мәселенің созылуы фермерлердің алдағы жұмысына әсер етуі мүмкін», - деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысы екіншіден, Энергетика министрлігіне бекітілген кесте мен бағалар бойынша егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажетті көлемін жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алаңдарына жүргізіліп жатқан әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аударсын», - деген Премьер-Министр бұл жұмыстарды үйлестіруді орынбасары Роман Склярға жүктеді.