10 жел, 2020 сағат 09:45

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 9,6% қымбаттады

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 9,6% өсті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,6%-ті құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,6 проценттік тармаққа төмен. Бұл ретте 4,1 проценттік тармаққа негізгі өсім төтенше жағдай кезеңінде тіркелді. Мәселен, 17-24 наурыз аралығында бағалар рекордтық 1,7 проценттік тармаққа өсті», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында. 

Бағаны тұрақтандыру үшін тауарлардың 9 түріне шекті бағалар бекітілді, 7 түрінің экспортына тыйым салынды және 6 түрін елден шығаруға ай сайын квота белгіленді. 

Сонымен бірге, қосылған құн салығының ставкасы 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде баға өсімі тоқтады. Алайда, биылғы жылдың 4 тоқсанында қазан айында – 2,8% және қарашада – 2,3% баға өсімі тағы тіркеліп отыр», - дейді Б. Сұлтанов.