Экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерінің де өндірісін арттыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«23 ақпандағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуі 2,4 пайыз деңгейінде тіркелді. Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өсім көрсетті. Олардың жалпы өсімге қосқан үлесі 2 пайыздық тармақты құрады», - деді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баяндаған Бақыт Сұлтанов.
Оның атап өтуінше, азық-түлік тауарларының бағасы өндіріс пен тұтыну теңгеріміне ғана емес, сондай-ақ импортталатын және экспортқа жіберілетін өнімнің үлесіне де байланысты. Мұндай ағындар сыртқы нарықтардың бағаларын ішкі саудаға да әсер еткізеді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет», деді министр.