ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өскенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2 пайызға өсті. Бұл ретте, өткен жылдың ұқсас кезеңінде бағалар 4,8 пайызға қымбаттады. Өсімнің 4,1 проценттік пункті карантиндік дүрлікпе салдарынан наурыз айында байқалды. Қабылданған жедел іс-шаралардың нәтижесінде бағалардың өзгеруі тұрақтанды. Соңғы үш аптада өсім 0,2 пайызды құрады», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында биылғы 11 наурызда ҚР Үкіметінің отырысында 45 іс-шарадан құрайтын Бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасы мақұлданды. Жол картасын орындау аясында наурызда жедел шаралар қабылданды.
«Сонымен қатар, кейбір өңірлерде әлі күнге дейін жоғары өсім байқалады. 6 сәуірдегі жағдай бойынша ең жоғарғы баға өсімі Жамбыл облысында (4,2%) және Атырау облысында (3,8%) орын алды. Ең аз 2,9 пайызға өсім Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді», - деді Б. Сұлтанов.