Елімізге сырттан тауар әкелуге немесе керісінше елден тауар шығаруға қазіргі геосаяси жағдай әсер етті ме? Бұл сауалға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында тілші «Көрші елдерде болып жатқан ахуалға байланысты Қазақстанға тауар әкелуде немесе экспорттауда қиындық, кедергілер болып жатқан жоқ па?» деген сауал жолдады.
«Елімізге тауар жеткізу немесе тауар жөнелту бойынша ешқандай проблема жоқ. Ресей Федерациясы тауарларды өткізіп жатыр. Шетелдік порттар да қазақстандық тауарларды проблемасыз қабылдап жатыр. Олардың басты талабы - тауар және оны жеткізуші компания қазақстандық болуы шарт. Сонымен қатар транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) аясын кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Каспийдегі біздің Ақтау және Құрық портынан 10 млн АҚШ долларының тауары тасымалданады», - деп жауап берді Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, тауар тасымалдауда ешқандай шектеу, кедергі жоқ.