29 қар, 2021 сағат 14:25

Әлемде инвестиция ағыны қай деңгейде төмендеді?


Пандемияның шектеу іс-шаралары жағдайында жаһандық тікелей шетел инвестициялары ағындары 35%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына, сондай-ақ 2025 жылғы Ұлттық даму жоспарына сәйкес, мемлекеттік органдар инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде жаһандық саяси және экономикалық климаттың нашарлауына, сондай-ақ коронавирус пандемиясына байланысты әлемдік экономика тікелей шетелдік инвестициялар ағындарының (ТШИ) қысқаруын байқатып отыр. 2020 жылы пандемия және онымен байланысты шектеу шаралары жағдайында жаһандық ТШИ ағындары 35%-ға төмендеді, бұл соңғы 30 жылдағы ең жоғары төмендеу. Құлдырау әлемнің барлық елдеріне әсер етті», - деді Ә. Әбдіқадыров Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, Еуропаның дамыған елдеріне, Азияның дамушы елдеріне және өтпелі экономикасы бар елдерге ТШИ ағыны 30-45%-ға, Солтүстік Америкаға бағытталған тікелей инвестициялар 20-35%-ға қысқарды.

«Сонымен қатар, дамушы елдерде индустрияландыру мен экономиканы құрылымдық трансформациялауды қолдау үшін инвестициялар тарту және экспортты ұлғайту қажеттілігі бұрынғыдан да қатты сезіледі. Іс жүзінде әлемде жүргізіліп жатқан барлық жаңа өнеркәсіптік стратегиялар айтарлықтай дәрежеде инвестициялар тартуға тәуелді. Инвестицияға сұраныс бұрынғыдан да жоғары болып қала береді және ұсыныстар азаюда. Осыған байланысты Инвестициялар нарығы күрделене түседі және бәсекеге қабілетті болады», - деді вице-министр.