Белградта бокстан әлем чемпионатының екінші жарыс күні жалғасып жатыр. Кешкі сессия Қазақстан және Өзбекстан боксшысының жекпе-жегімен басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
1/16 финалда 51 келі салмақта сынға түсетін отандасымыз Сәкен Бибосынов пен Өзбекстан өкілі, Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбой Дусматов кездескен болатын. Тартысты жекпе-жекте 5:0 есебімен Бибосынов жеңіске жетті.
Осылайша, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері азулы қарсыласынан айласын асырып, келесі айналымға өтті.
Сондай-ақ, бүгін тағы бір қазақстандық Нұрқанат Райыс 75 келіде 1/32 финалда черногориялық Стефан Савковичпен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, 25 қазанда өткен жарыстың алғашқы күнінде ұлттық құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов (67 келі) пен Серік Теміржанов (57 келі) 1/16 финалға өтті.