2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде болжанып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы 4-6 %, 2023-2024 жылдары – 4-5% аралығында, 2025-2026 жылдары – 3-4% шегінде сақталған. Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 триллион теңгені,
2023 жылы - 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды», - деді Ә. Ерғалиев.
Оның айтуынша, кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 триллион теңге, 2023 жылы - 2,2 триллион теңге және 2024 жылы - 2 триллион теңге мөлшерінде айқындау ұсынылып отыр.
«Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, оның одан әрі қысқаруымен 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5% дейін төмендеумен болжанып отыр. 2022 жылы мұнай емес тапшылық ішкі өнімге қатысты 8,1% құрап, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3% дейін төмендейді», - деді министр.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 триллион теңге, 2023 жылы – 15,6 триллион теңге және 2024 жылы – 16 триллион теңге көлемінде болжанып отыр.