Фото: canva.com
Соңғы жылдары Қазақстан ғылым мен технологияны дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы ұлттық басымдық деп атап, ғылымды елдің климат тұрақтылығын арттыру, экономиканы әртараптандыру және технологиялық инновациялармен қамту үшін маңызды екенін қадап айтты.
2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті (2020 ж.– 89,0 млрд.теңге, 2021 ж. – 109 млрд. теңге). 2023-2025 жылдарға ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайтылды, барлығы 643 млрд. ғылымға инвестицияланады (2023 ж.- 158,6 млрд., 2024 - 244,2 млрд., 2025 - 240,2 млрд. тг.). Бизнес тарапынан қосымша 6,9 млрд. теңгеден астам жеке қаржыландыру тартылды.
Алайда, Қазақстанда әлі де ғалымдар мен мамандар тапшылығы бар. Мамандар санын арттыру мақсатында жас ғалымдарға қолдау көрсету бағдарламалары іске қосылды. Мысалы, мемлекет жас зерттеушілердің шетелде тәжірибе алмасуын және еліміздегі зерттеу орталықтарында еңбек етуін ынталандырады. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындармен ынтымақтастық арқылы ғылыми жобаларды коммерцияландыру және бизнес-қоғамдастықпен бірге жұмыс жасау мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Білім және ғылым министрлігі тарапынан, ғылымға бөлінетін қаржы көлемін арттыру, зерттеу гранттарын көбейту және ғылыми мекемелерді материалдық тұрғыда қолдау жолдары да пысықталуда.
Жоғары оқу орындарында да білікті мамандарды даярлау деңгейін арттыру үшін зерттеу орталықтары мен ғылыми зертханаларды жетілдіру шаралары қолға алынып жатыр.
2024 жылы Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының жас ғалымдары “Young Scientists Summit” шарасына қатысып, түрлі ғылыми-техникалық жобаларды талқылады. Бұл саммит ғылымның дамуы, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және халықаралық әріптестікті нығайту жолында маңызды тәжірибе алаңы болды.
Сонымен қатар, Қазақ-Американ университетінде өткен Халықаралық жас ғалымдар форумында инновациялар мен қолданбалы зерттеулер бойынша мастер-класстар, ғылыми семинарлар және шетелдік сарапшылардың дәрістері ұйымдастырылды. Бұл шара жас ғалымдардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, ғылымға қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Соңғы жылдары халықаралық журналдарда отандық ғалымдардың еңбектері кеңінен жариялана бастады. Scopus базасына кіретін қазақстандық ғылыми журналдар саны да өсті. Бұл біздің осы саладағы жетістіктерімізді әлем мойындап отырғанын білдіреді. Отандық ғалымдардың жетістіктерінің ішінде QazVac коронавирусына қарсы қазақстандық жоғары тиімді вакцинаны әзірлеуін де атап өту керек.
Ғылымды қаржыландыру жалғасын тауып келеді. Мысалы 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30% құрайды.
Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 727 жоба іске асырылып отыр.
Алдағы үш жылға Қазақстанның басым ғылыми бағыттары анықталды. Олардың ішінде экология, энергетика, цифрлық және ғарыштық технологиялар, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығын дамыту салалары ерекше басымдыққа ие. Ғылыми-зерттеу институттарын құру және халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламаларын кеңейту арқылы Қазақстан ғылым саласын дамытуда нақты қадамдар жасап отыр.