Қазақстан алдағы уақытта сырттан қарыз алуды доғарады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанның даму тарихында бір емес бірнеше дағдарыс болды. Атап айтар болсақ, 1999 жылғы дағдарыс, одан кейін 2007 жылы Америкадағы ипотекалық қарыздан бастап, дүниежүзіне тарап Қазақстанға жеткен дағдарыс, 2014-2015 жылдардағы мұнайдың күрт құлдырауынан туындаған дағдарыс бар. Ал 2020 жылы жеткен жай дағдарыс емес. Ол коронавируспен қабаттасқан өте күрделі дағдарыс болды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, өткен жылғы дағдарыстың халыққа да, кәсіпкерлерге де ауыр тиюіне байланысты еліміз сырттан қарыз алды.
«Бірақ, алынған қарыздың көлемі қауіпсіздік деңгейінде сақталып тұр деп айтуға болады. Жалпы, шетелден алынған қарыздардың басым бөлігі - кәсіпкерлердің, яғни шетелдік компаниялардың осы жердегі еншіліс компаниялары арасында қалыптасқан қарыз. Алдағы уақытта мүмкіндігінше сырттан қарыз алуды доғарып, экономиканың мұнайға байланысты салаларын әртараптандырып, дамытып, солардан түсетін салық есебінен жағдайды түзуге толық мүмкіндігіміз бар деуге болады», - деді Ерлан Жамаубаев.