02 сәу, 2022 сағат 12:19

Алдағы тәулікте күн 28 градусқа дейін жылынып, сегіз өңірде өзен суы көтеріледі


Қазгидрометтің 2-8 сәуірге арналған болжамы бойынша, еліміздің батысында, орталығында және шығысында ауа температурасы плюс 23 градусқа дейін жылынады. Ал солтүстігінде күндіз ауа температурасы плюс 18°С-қа, оңтүстік өңірлерде 28 градусқа көтеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2-8 сәуіріндегі апталық синоптикалық ауа райы болжамына сәйкес, батыстан шығысқа қарай кезекті Атлантикалық циклон ығыса бастайды. Ол негізінен жаңбыр түрінде жауын-шашынның түсуіне және алдымен батыс пен солтүстікте, кезеңнің ортасынан ҚР қалған аумағында желдің күшеюіне себепші болады. 

Қазгидлромет мәліметіне қарағанда, циклонның артынан Батыс антициклоны ауысады. Ол өзімен бірге қысқа мерзімге ауа температурасының төмендеуіне алып келеді. Осыған байланысты Қазақстанның жазық аумақтарында, атап айтқанда Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен оңтүстік-батыс бөлігінде қардың қарқынды еруі, және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.