12 жел, 2022 сағат 13:36

Алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс - Тоқаев


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Келесі мәселе – бюджет саясаты. Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. 

«Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. 

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды.

Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс» - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.