Алдағы 5 жылда 500 мың адам агроөнеркәсіп кешенінде жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлемде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауыл шаруашылығының рөліне деген жалпы түсініктің өскенін атап өткім келеді. Сондықтан Қазақстан мен көптеген мемлекеттер үшін импортты алмастыру мәселесі басымдыққа ие. Жүргізіліп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте басымдық инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына берілетін болады», - деді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баяндаған Сапархан Омаров.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта келесі бес жылға арналған жаңа Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба агробизнес, ғылым өкілдері тарапынан талқыланып жатқанын айтты.
«Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижесінде 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өнім экспортын, ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің табысын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қосымша 500 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», - деді министр.