Ақтөбелік қала мен ауданға қатар құжат тапсырып, екі мекенжайдан ақша алып отырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбеде бірінші сәуірге дейін 14,5 мың отбасы әлеуметтік көмек алды. Оған бюджеттен 266,7 миллион теңге жұмсалды. Ал атаулы әлеуметтік көмек енгізілгелі 18,7 мың жанұя көмек алып, қазіргі кезге дейін оларға 8,9 миллиард теңге төленді.
«Арасында алаяқтық істер де кездеседі. Азаматтар табысын жасырып, құжаттарды өзгертіп, көмек алғанын ашық айтқымыз келеді. Олар жағдайы төмен отбасы қатарына жатпайды. Қазіргі кезде 3488 отбасына көмек беру тоқтатылды. Олардың нақты кірісі мен табысы жасырылған. Соның ішінде 1227 отбасының 1199-ына төлем мүлде тоқтатылды. 1800 отбасына қайта есептеу жүргізіліп жатыр. Ал 144 жанұядан 13,2 миллион теңге қайтарылды. Мәселен, азамат Қ.-ға 12 айға 1,5 миллион теңге есептелді. Ол құжатты 21 сәуірде Алға қаласында тапсырады. Кейін 23 сәуірде Ақтөбе қаласына уақытша тіркеуге тұрып, қайта құжатын беріп, АӘК алған. Алған 400 мың теңгені мемлекетке кері қайтарды. Алғашқы кезде мұндай қателік кеткені рас. Сонымен қатар көптеген азамат жұмыс берушімен келісіп, жалақысын азайтып алған. Қазір Мемлекеттік кірістер департаменті бұл жайтты бақылауға алды», - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.
Айта кетейік, Ақтөбеде АӘК-тің үш айлық ақшасын біржолғы төлеммен алып, кәсіп бастаған адамдар да бар. Сонымен қатар 200 АЕК көлемінде грант алған отбасылар көбейді.
«Әйтеке би ауданының Әйке ауылынан сұлулық салоны ашылды. Шалқар, Ырғыз ауданында мал басын көбейтті, Темір, Мұғалжар ауданында құс шаруашылығын кеңейтті», - деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ақсұлу Жұбаназарова.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 19 687 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Оның 12 943-і атаулы әлеуметтік көмек алушы. Көпбалалардың үлесі басым. Қазіргі уақытта АӘК заңсыз алғандарға ақшаны кері қайтару жөнінде хабарлама берілді. Бір айда қайтармаса, мемлекеттік орган сотқа жүгінеді.
Еске салайық, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК төлеудің жаңа әдістері енгізілетінін атап өткен болатын.