Абай вмещал в себя весь мир.
С.Н.Марков.
Иә, орыстың ақжүрек ұлы, халқымыздың адал досы, ақынжанды жиһанкез жазушы осылай деп жазды. ’’Абай өз бойына бүкіл әлемді сыйғызған’’. Қалай дәл тауып айтқан! Шынында да ұлы ақынның санасындағы дүние шалқар да кең. Шығыс пен Батыс та, Түстік пен Терістік те – төрткіл дүние оның сара санасында тоқайласып табысқан. Абай алашқа һәм адамзатқа ақындығымен қоса ақылмандығымен де қымбат. Ақынның дүниедегі санасы сара да дара еді. Терең де меймаза ойлы, атойшыл да күрескер рухты еді. Абай - қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыс пен болмыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, заман мен адамның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл. Содан да оны қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы деседі. Содан да ’’Абай дана, Абай дара қазақта’’ дейміз. Қазақта арқалы ақын көп, кемел ойлы кемеңгер аз. Сондықтан да оны АЛАШТЫҢ АҚЫЛМАНЫ дейміз.
’’Абай өз бойына бүкіл әлемді сыйғызған’’. Осы бір ауыз сөзбен бәрі айтылған. Осынау қысқа да нұсқа сөздерге алып-қосудың өзі артық болар еді. Алайда Абайды қалай танып-білетінімізді бүгін айтпасақ, қашан айтамыз? Сырт көзбен қарасақ, ол шын мәнісінде жоғары мәдениетті адам болған еді. Атақты американ саяхатшысы, аты шулы ’’Сібір және жер аударылу’’ кітабының авторы Джон Кеннан таңданысы мен сүйсінісін жасырмай Семейде Бокльді оқыған бір егде қазақпен кездескенін жазды.
Сол егде қазағы Абай еді. Алайда ол Бокльді ғана оқып қойған жоқ. Ол орыс, парсы поэзиясын жатқа білді және түпнұсқасында оқыды, суфистік әдебиетпен айналысты. Шығыс пен Батыс ойшылдарының аңсарларымен (трактат) танысты.
Басқасын былай қойғанда, сонау жетпісінші жылдары студент кезімде мен оның ’’Адам бір боқ көтерген боқтың қабы…’’ деген сияқты өлеңдерінен экзистенциалистік сарындарды да байқағанымды жасыра алмаймын… Әрине, бүл зерттеп, зерделей түсетін мәселе. Десек те, сол кезде айтқан кейбір ойларымды там-тұмдап жеткізе кетейін, артықтығы болмас.
Тегінде басқа ақындарда барды да, жоқты да Абайдан іздейміз ғой. Бағзы-баяғы грек философтарымен сырласқан, Платон, Аристотель, Сократпен, Әл-Фараби, Һәйяммен мұңдасқан, Спиноза, Локк, Руссомен тілдескен, Белинский, Добролюбов, Чернышевскиймен шер тарқатысып, ой орманына шеру тартқан Абай, позитивист Герберт Спенсерді де білген Абай, осы бір ’’өмір философиясы’’, ’’тіршілік’’ (’’өмір сүру’’) философиясы дегендерді термин түрінде болса да, түсінік-мәлімет түрінде болса да естуі хақ. Естімеген күннің өзінде дәйімі абайлап жүретін, жүрегі сезімтал ақын, миы алғыр ойшыл сезбеді дейсіз бе?! Сезбегені мынау болса:
Адам бір – боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боларсың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі - ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Абай бұл өлеңін егделенген шағында, 1899 жылы жазған. Өмірдің мәні туралы толғанады, анық экзистенциалистік сарын бар. Өмірдің өткіншілігін білдіреді. өмірдің мәні адамды сүю, алланың құдіретін сезіну деген ойды айтқан. Көрдіңіз бе, ащы шындықты қанша ашық айтса да, ақырында адамды жек көруге емес, сүюге меңзеген. Бұл ’’Тіршілік’’ философиясымен келісімге келе алмайтын тұжырым. Ал екінші ойына келетін болсақ, Абай дін жөнінде өзіне-өзі қайшы келіп отырған. Ол мына бір өлеңінде былай дейді:
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халлаққам мақұлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі.
Өзгені ақыл-ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Көріп отырсыздар, алғашқы екі жолында тәңіріге табынатынын білдіреді. Келесі жолдарда жаратушыға жанды нәрсенің (адамның) ақылы жете алмайды, оймен білген нәрсенің бәрі – дінсіз дейді. Бұл ойларда кейбір экзистенциалистік сарындар бар деп айтуға болады. Діни экзистенциалистер де құдайды ’’абсолютті Мен’’, ол жөнінде ойлаудың қажеті жоқ, өйткені оған адам ақылы жетпейді; ’’бос әурешілік’’ демей ме? ’’Біле алмай бір тәңіріні болдырады’’ деп, Абай да бұл ойды дәйектегендей болады, бірақ сөйте тұра адамның ойламай қоймайтынын ескертеді.
Міне, қазір жаратылыстану ғылымдары, оның ішінде астрофизика едәуір дамыған кезде, ұлыбританиялық астрофизик, қара құрдым тылсымын зерделеген зерек ғалым Стивен Хокинг өзінің «Краткая история времени /от большого взрыва до черных дыр» деген еңбегінде көзіміз көріп отырған Ғаламға алып келген бастапқы шарттардың қалай орныққанын білгісі келіп отырып: «Один возможный ответ – это сказать, что Бог выбрал начальную конфигурацию Вселенной из соображений, понять которые нам не дано...» деп, бір ғасырдан астам уақыттан кейін Абайдың дәргүмән ойын қайталағандай болады.
Енді үшінші шумағын тыңдап көріңіз:
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, - деп, не десеңіз де ’’құр мүлгуге тоя алмайтынын’’ айтады. Қалай дегенмен, білмекке құмар ақын ой, таным жағына шығады.
Мың да бір шүкір, бүгінде қазақтар өз Абайын мақтан ете алады. Зарзамандар мен керзамандар келмеске кетті. Заманақырдың да бетін аулақ қылсын. Заманақылға бет бұрған сыңайлымыз.
Соның бір жарқын дәлелі, халқымыз өз ақылманының ғақлияларының, өлеңдері мен әндерінің, оның аяулы есімінің қадыр-қасиетін жылдан-жылға, күннен-күнге ұғына, киелі тұта түскендей. Ол шын мәнісінде лек-легімен келіп жатқан жаңа ұрпақтарды пәрменді де иландырғыш күш-қуаты мол сарқылмайтын асыл сөз қайнарымен суаратын ұлттық рухани субстратқа айналды.
Абай рушылдық үстем құрған заманда одан биік тұрды. ’’Қайран сөзім қор болды Тобықтының езіне’’, ’’Ел бүлігі Тобықты’’ деп тура биде туған жоқ екендігін танытты. Ал енді біздер келіп жалпыадамзаттық құндылықтарға бет бұрған бүгінгі заманда өз тайпаларымыз бен руларымызға шаң тигізбей, жер-көкке сыйғызбай марапаттап, соларды өзімізге халық атынан бұрын мақтаныш тұтып мәз болып жүргенімізге жол болсын?!..
Абай ру түгілі қазақтан асып, бүкіл адамзаттық деңгейге көтерілді. Оған ’’Әкенің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың’’ деген асыл сөздері жарқын дәлел. Содан да Абайды біз, кейбір замандастарымыз жаңсақ пайымдағандай, әруақтары риза болғыр Ақсопының зәузаты, Тобықтының баласы, қарадан шыққан сұлтан Құнанбай қажының ұлы болғандықтан, я болмаса нағашысы мен қайын жұрты қаракесек болғандықтан пір тұтпаймыз. Атаның баласы емес, Алаштың баласы болғандықтан пір тұтамыз. Халқының баласы бола білген ол, халқының Данасы да бола білді. Өз халқының жақсысын асыра білген ол:
Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарыңды, - деп, жаманын да жасыра алмады. Ал ’’Бас-басына би болған өңкейқиқым, мінеки, кетірді ғой елдің сиқын’’ деген сөздері жүзге бөлініп жүз шайысқан, тайпаға бөлініп тайталасқан, руға бөлініп ұстасқан қандастарымызға бүгін де сабақ болса керек-ті. Өйткені ол ’’Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы’’ деп білетін халықтың ар-ұяты болған еді. Содан да біз оны АЛАШТЫҢ АРЫ МЕН АБЫРОЙЫ дейміз.
Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың өмірлік және әдеби жолы соқтықпалы да соқпақсыз болғандығын біз, әрине, оның өз шығармаларынан және ұлы Мұхаңның еңселі эпопеясынан оқып білдік. Десек те, көзі тірісінде өз өлеңдерінің бірде-бір жарияланымы мен басылымын көрмеген, жазмыштың мазағы мен тағдырдың тәлкегіне ұшыраған оның шығармашылық күш-қуатына тағы бір мәрте қалайша таң қалмассың?! Толықтай дерлік шығармашылық жалғыздықта (қасында, әрине ғой, тең келетін ешкім жоқ болатын) жүріп күрескен, қалам ұстаған, ақылын айтқан, ол аз десеңіз – эксперимент жасаған оның күшті де өміршең рухына еріксіз бас иесің.
Абайдың көзі тірісінде көрген көрешегі аздай, өзі дүниеден өткеннен кейінгі тағдыры да күрделі болды. Ол құбылып отыратын идеологиялық және әлеуметтік ситуацияларға сәйкес бірде талайлы, енді бірде талайсыз болып алма-кезек ауысқан күй танытты. Дегенмен де ұлттық рухани өзін-өзі тану зердесінде біртін-біртін өзіне лайықты орнын алды. Ендігі Абайды тануда саясат ықпалынан, уақыт қыспағынан сытылып шыққан шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен, азат зердесімен Абайды қайта оқып, қайта тануға тиістіміз.
Сондай-ақ Абайдың әдеби шығармашылығы қазақ елінен тысқары жерлерге де кібіртіктеп, баяулап шықты. Аудармалары әлсіз болды және түпнұсқаға парапар келмейтін. Дүбәра жағдай қалыптаcты: қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің мойындалған негізін қалаушы орысша сөйлеп кете алмады да, Абаймен әлсіз, ескірген тәржімалар арқылы танысқысы келгендердің бәрінің бойында тосырқаушылық пен сенімсіздік туғызды. Осыдан келіп ескі тәржімаларды қайта қарау қажеттілігі туындады. Соның сәті біртін-біртін түсіп келе жатқан сияқты. Республикамызда да, Ресейде де аудармашылардың жаңа легі келіп қосылды. Сөз жоқ, Абай басқа тілдерге көбіне орыс тілі арқылы өтеді.
Бүгін таңда Абай ағылшынша, французша, қытайша сөйлей бастады. Алаштың Абайы Адамзаттың Абайына айналып, ЮНЕСКО шеңберінде оның бір жарым ғасырлық мерейтойын осыдан 20 жыл бұрын бүкіл әлем атап өтті. Абайдың көптеген тілде сөйлегені, оны төрткіл дүниенің тани бастағаны ғанибет. Алайда Абайдың тілінде ең әуелі өзіміздің сөйлегеніміз жөн. Абайды ең әуелі өзіміздің танып-білуіміз ләзім. Өйткені, Абайды тану дегеніміз өзімізді өзіміз тану болып шығады. АБАЙТАНУ – АЛАШТАНУ.
Абайтану
Түн-түнекте жарқ еткен ол бір Маздақ,
От пен нұрдан жаралған болмыс ғажап.
Жол нұсқамақ мақсұтпен қайран жұртқа,
Сан қиырды шолады ойшыл қазақ.
Мешеуліктің сөгілтіп қабырғасын,
Селт еткізген мүлгіген ғасырласын.
Қалың елін ұйқыдан оятам деп,
Дабыл қағып өткізген ғұмыр жасын.
Жүгінген кеп алдына ұрпақ талай,
Әділ сөзін айтқан ол бұлтақтамай.
Соқтықпалы, соқпақсыз жол кездессе,
Төтеп берген тайқымай, сырғақтамай.
Арқа сүйеп талап пен ыждиһатқа,
Ой-толғамын түсірген құсни хатқа.
«Ғақлиядан» басталған Шындықтану,
Ұласыпты «Ғақлиат-тасдиқатқа».
Болмасам да болам деп ұқсап бақтым,
Кәусар жырға бас қойдым – сусап қаппын...
Дәп бір Шығыс шынары қолдағандай,
Дала кезсем, тау кезсем – ырғақ таптым.
Жылы жүрек, ізгі жан ақылға бай,
Басалқылы әр сөзі жарқын қандай!
Бір нояның болсам мен жарар еді,
Өлең-сөздің патшасы, хакім Абай?!..
Кетсе жасып қайрат пен қалғып намыс,
Қайраққа сап неге біз жанымаймыз?
Өзімізді өзгеден танығанша,
Өзімізден неге біз танымаймыз?..
Ертеңіне көз тастап сенімменен,
Бар кемтігін көтерген төзімменен.
Өз бойына сыйғызса бар әлемді,
Өз елінен бой тартып безінбеген.
Терең біліп екенін дала мұңды,
Шуағына бөлеген сана нұрлы.
Өз халқының баласы бола білген,
Өз халқының Данасы бола білді.
Шер-шеменің, қайғың мен мұң-зарың да,
Арманың мен мұратың, аңсарың да,
Күдігің мен күмәнің, үмітің мен
Сенімің де – Абайдың жырларында.
Асыл мұрат – бықсымай лаулай жану,
Адамзаттың көшінен қалмай даму.
Алаш өзін Абайсыз тани алмас,
Алаштану дегенім Абайтану!
Сәбит БЕКСЕЙІТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, Түрксойдың
«Ұлы Түрік қыраны» медалінің
иегері.
Ұлт порталы