29 қаз, 2018 сағат 13:14

Алаш арыстары және коммунист "көкелер"

1918 жылдың 29 қазан күні Совет өкіметін орнатушы коммунист-большевиктердің ізбасарлары – комсомолдардың жеке ұйымы құрылған екен. Бұл ұйым кезінде арнайы дайындықпен келіп, қабылдаушы комиссияның қатаң сынынан сүрінбей өткен жастарды ғана өз қатарына қабылдағаны рас.

Комсомол қатарына өту болашағын биік мансаппен, үлкен атақпен байланыстыратын әрбір жастың басып өтуге тиісті шартты баспалдақтарының бірі болатын. Ал әкесі «халық жауы» аталып сотталып кеткен немесе біржола атылып кеткен бозбала мен бойжеткенге комсомол қатарына алатын сынға түсуге мүмкіндік бергенді қойып, артына ит қосып қуатын болған. Мәселен, орта мектепті үздік бітірген, «Алтын медаль» иегері, мектептегі ең білімді, ең талантты оқушы, болашақта қазақ әдебиетінің тарихын үш ғасырға ұзартқан ғалым, «Алаштың алмас қылышы» атанған қазақтың қазіргі көзі тірі бірден-бір классик жазушысы Мұхтар Мағауинді әкесі «халық жауы» ретінде айдауда жүргендіктен, комсомолдың маңайынан да жүргізбегенін жазушы өз естелігінде жазады. Яғни, комсомол қатарына дана Абайдың он сегізінші қара сөзінде «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», деп айтқанындай, өзгелерден ақыл-парасат, адамшылық-арлылық, білім-ғылым тарапынан оқ бойы озық болса да, саяси тұрғыда сенімсіз деп танылған жастар өте алмайтын еді.

Совет үкіметін құрушы әрі басқарушы партия болған, Одақ құрамындағы өзге ұлттармен қатар қазақ халқын да аяусыз езіп, қатыгездікпен жаныштап отырған коммунист-большевиктердің кім болғанын, олардың ұстанған ел басқару қағидалары мен ұстанымдарының қандай болғанын білу үшін, ХХ ғасыр басында өмір сүріп, шын коммунистердің шынайы бетпердесін нақты таныған қазақ азаматтарының деректеріне жүгінгеніміз жөн. Әйтпесе, Совет үкіметінің тұсында биліктің сөзін сөйлеп, бар қызыққа кенелген, жайлы орында отырып, коммунистік партия мүшелерінің ең таңдаулыларына ғана бұйыратын, қарапайым халықтың түсіне де кірмеген жылы-жұмсаққа мелдектей тойынған ат төбеліндей әкім-қараларды қойып, советтен таяқ жеп, теперіш көрмеген былайғы жұрттың өзі социалистік заман өмірін жұмаққа санайтыны рас. Нан тегін еді, бензин көл-көсір болатын, арақ суша ағатын еді деген сияқты еміс-еміс есте қалған жақсылық нышандарын алға тарта береді. Бірақ сол коммунист-большевиктердің қазақ халқын жер бетінен біржола жою үшін, ең алдымен қазақ елінің жалпы экономикасын ұстап отырған, алдындағы мыңғырған малымен өзін де, жақын-жұрағат, туыс-туғанын да асырап отырған байлар мен әлді-ауқаттылардың көзін құртуды 1928 жылы қолға алғанын білеміз. Кезінде мыңды айдаған байлардың демеушілігімен саясатта өз ісін жүргізуге күш тауып отырған Алаш көсемдерінің қаржылық сүйенішін жойған соң, коммунистер 1929 жылы алаштық арыстарды аулай бастады. Ұлт мүддесі жолындағы арыстан жүректі азаматтардың басын байлауға тастап, ұлт көсемдерін біржақты қылған соң, қазақты жаппай қырудың амалы ретінде коммунистер жасанды аштық ұйымдастыруға кірісті. Кешегі байдан тартып алып, кедейге үлестірген малды енді кедейдің қолынан алып, колхозға ұйыстырды. Байдан еңбегімнің есесін алдым деп, өзін асырап отырған ағайынын тонаған надан жарлы енді өз қолындағы малын амалсыз колхозға қосты, қосқысы келмегені «жеке» деген жексұрын атқа ие болып, өкіметтің сол көзіне ілінді. Асырап отырған малынан айрылған, 1921 жылғы аштықта алаш баласын зор зұлматтан құтқарып қалған бас көтерер азаматтары жоқ сорлы қазақтың қырылмайтын амалы жоқ еді. Осылайша 1931-32 жылдары опалаң-топалаң еткізіп жалпы халықты бір есеңгіретіп алған соң, қазақ даласына коммунистік жүйені енгізуге еңбек сіңірген, аштан қырылып жатқан халқына көмек беруге дәрмені болмаған, кедейден шыққан коммунист-большевиктерді, кешегі советтік қылмыс-геноцидтің керегі жоқ куәгерлері ретінде, 1937-38 жылдардың репрессиясы арқылы жоқ етті. Бұл жағдай жалғыз қазақтың ғана басына түскен жоқ, репрессия Одаққа ие болып отырған орыс халқын да аямады. Былай айтқанда, коммунистер үшін ұлттық сезім де, ұлттық құндылық та жоқ болатын. Оны өздері интернационализм деген бүркеме кеппен жабатын еді.

Бұдан кейінгі алапат соғысты айтпағанда, Абайдай дана туған киелі топырақта атом бомбасының сыналып, адамдардың тәжірибе қоянына айналуы; ұлы даладан ұлтарақтай жер қалмай жыртылуы; Аралдың суалуы мен Балқаштың улануы; коммунист-большевиктердің ең соңғы сорақы қылмысы – жалғыз ауыз дат үшін Алматы мен облыс орталықтарында жастарды жаппай соққыға жығып ажал құштыруы мен қуғынға түсіріп қоғамнан аластауы – осының бәрі коммунист «көкелеріміздің» қолымен жасалған сұмдықтар болатын. Осындай қиянаттың бәрін бастан өткізген халықтың баласы ретінде қарап отырып, өздерін БКП(б) Бүкілодақтық коммунистік-большевиктік партия атаған ұйымның ұстанымы жекелеген ұлттарға да, жалпы адамзатқа да қас қағидалардан тұрғанын көремін. Олай емес деп ақтағым келсе де, тарихи деректер, халықтың коммунистік партия мен Совет үкіметінен көрген теперіштері ақиқаттан аттатпайды. Содан келіп, «бұл коммунист дегендер әу бастан осындай қанқұйлы, қаныпезер адамдар болды ма, әлде советтік тарихтанушы ғалымсымақтардың (ғалымдар – қазақтың шынайы тарихын жазғандар, мысалы, Кенесарыны зерттеген Е.Бекмаханов сияқты тұлғалар, ал ғалымсымақтар – советтік саясаттың сойылын соғып сөз сөйлегендер – Н.Е.) айтып жүргеніндей, «ұсақ ұлттар саясатындағы лениндік әділ принциптер Сталин кезінде өрескел бұрмаланғандықтан» (орта мектепте алған білімімнен жаңылмасам, осылай деп түсіндіретін еді – Н.Е.) болған зұлматтар ма?» деген сұрақ еріксіз туады.

ХХ ғасыр басындағы коммунист-большевиктердің қазақ даласына келіп, өз саясаттарын жүргізе бастаған кезінде-ақ олардың ішкі қоясын көре білген, шынайы бағасын бере білген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жазғандарынан үзінді ұсынғанды жөн көрдім. Ақ-қарасын әділ халық өзі таразылап алар.

1917 жылы «Қазақ» газетінің №253 санында Ә.Бөкейханов «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жариялаған «Жұрт төреші» деген мақалада (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. Құрастырған М.Қойгелдиев, Алматы, Қазақстан», 1994, 267-бет) совет заманында қазақ коммунистерінің атасы ретінде дәріптелген Әліби Жангелдин туралы былай дейді:

«Өткен март айында жұмысшы һәм солдат депутаттарының Петроград советі Торғай уезінің қазағына жаңа тәртіпті түсіндіру үшін ас ішіп аяқ босатар Жангелдинді шығарған еді.

Совет өкілі Жангелдин ескі хүкімет заманында, қазақ шапанын кабинет киіміне, ислам дінін христиан дініне айырбастап, Жангелдіні Степановқа айналдырып, миссионер болып еді. Бірақ ол өзінің өкіл аталарының үмітін босқа шығарды. Олар Степановты сүйреп, түрлі мекемелерде переводчик, хатшы қылып та қарады. Степанов барып тұрған сәулесіздің өзі болғандықтан, еш жерде орын теуіп тұра алмай, тіршілікке қыры жоқ қаңғыбас болып кеткен еді.

Міне осы бұралқы Степанов март ішінде Петроград Советінің өкілімін деп алғашқы ашылған Торғайскі областной комитетке келеді. Степановтың кім екенін бұрыннан білетін комитет, Петроград Советінен сұрайды: дін өзгертуі қулық биенің сауынынан да жиі бұл күнде қайтадан ислам дініне шыққан Степанов–Жангелдин Совет өкілі екені рас па?- деп. Совет жауап қайтарады, Степанов–Жангелдин Торғай уезіне социал-демократ партиясының пікірін таратуға шығарылғаны рас деп.

Степанов–Жангелдин жаз бойы Торғай уезін аралады, Советке қазақ атынан шүбәлі арыздар берді, комиссарлардың Торғайский областной управа ағзаларының һәм учредительное собраниеге сайланатын кандидаттардың үстінен түрлі шағым жүргізді, кадет деді, кәзіргі заманның түрлі «кінә сұмдығын» солардың үстіне аударды.

Советтер оны қорғады, ішкі істер министерствосымен хаттасып, «Біріккен шарттың» шағымынан басқа жұмыс жоқтай, әуре болдық. Ақырында, халық төреші, Жангелдин һәм ол арқылы ақымақтанған совет ісі туралы әділ төресін берді.

Торғай уезінде учредительное собрание сайлауы болғанда бәйгі алғандар:

1-нші нөмір Алаш партиясы 54 мың 978.

2-нші нөмір социал-демократ 41 дауыс алды.

Міні риялық пен халықты адастырушы ұятсыздардың ісіне жұрт төреші екені осы».

Көріп отырғанымыздай, бұл деректен бірнеше тұжырым жасауға болады:

біріншіден, Жангелдиннің патша заманында атымен қоса дінін де өзгертіп, қазақ арасында миссионерлік қызмет атқарған, яғни қазақты шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын іске асыруға атсалысқан, патша заманындағы қазақ ұлтының ең басты жауларының бірі, дінін де, өзін туған халқын да сатқан, іштен шыққан сатқын болған;

екіншіден, сәулесіз, тіршілікке қыры жоқ қаңғыбас болған;

үшіншіден, патша билігі құлаған соң христиан дінін ислам дініне қайта ауыстырып, алаштың сөзін сөйлемей, Советтің сойылын соққан;

төртіншіден, Торғай уезін жаз бойы аралағанда тындырған ісі жұрттың сыртынан шағым ұйымдастырып, жалған арыз жазу болған. Ақыры сайлау кезінде халық ақ пен қараны айырып, Алаш партиясы 54 мың 978 дауыс жинағанда, Советтік социал-демократтар небәрі 41 дауысқа ғана ие болған. Осыдан-ақ қазақ халқының, жалпы алаш жұртының Советтік билікке түбегейлі қарсы болғанын аңғаруға болады.

Реті кеп тұрғанда айтпай кету жөн болмас, Жангелдин–Степанов сияқты ата-тегін өзгерту, дінін өзгерту немесе мүлде діннен шығу сияқты сатқындық түрлері коммунистерге тән болғаны өз алдына (Ульянов-Ленин, Джугашвили-Сталин, т.б. толып жатыр), білімді, арлы азаматтардың сыртынан жала ұйымдастыру, ел ішіне алауыздық отын жағып, іріткі салу секілді әрекеттер де коммунист-большевиктердің сүйікті істеріне айналды. Бұл тәсілді коммунистер 1937-38 жылдардағы репрессия тұсында керемет пайдаланды және жемісін де молынан көрді (репрессияға жалпы 25 мың адам ұшыраса, соның 3 мыңы қазақтың маңдайалды айтулы тұлғалары болған деген дерек бар, яғни 25 мың өтірік арыз жазылып, нақақ жала жабылған деген сөз! Жалақорлықтың бұдан асқан түрін әлемнің ешбір елінен таба алмассыз!)

Біздің айтып отырғанымыз Жангелдин-Степанов сияқты коммунистің  табиғи болмысы мен әрекеті, ал жалпы коммунист-большевиктер билік басына қалай келді дегенге тоқталсақ, мұнда біз кәдімгі террорлық әрекеттер арқылы жүзеге асырылған саяси күрес түрін көреміз. Ә.Бөкейханов 1918 жылы «Қазақтың» №260 санына жариялаған «Саяси хал» деген мақаласында (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. Құрастырған М.Қойгелдиев, Алматы, Қазақстан», 1994, 271-бет): «5 январьда Россия құрылтайы жиылды һәм большевик күшімен қуылды», деп жазады. Одан әрі бұған дейін орын алған саяси күрестерді, болған оқиғаларды қазақ қауымына былайша тарқатып, түсіндіреді.

«Біздің оқушыларға белгілі сентябрьде мемлекет мәжілісі құрылғаны (1917 жылдың қыркүйек айын айтып отыр – Н.Е.). Большевиктер бұл мәжілістен шығып кеткен еді: себебі мемлекет мәжілісі Россия құрылтайын жинайды, біз большевик қару-жарақ жұмсасақ та құрылтайды жиямыз, деген еді (яғни, Ресейдің болашағын ойлаған мемлекет мәжілісінің Россия құрылтайын жинаймыз деген пікіріне қарсы, большевиктер біз қару-жарақ күшімен болса да тек өзіміз ғана билікке ие болатын құрылтай жиямыз деп, демократияға қарсы, ешкімнің пікірімен санаспайтын, террорлық сипаттағы мінез көрсетті деген сөз – Н.Е.). Октябрь аяғында мемлекет мәжілісін большевик күшпен қуып таратты, Уақытша үкіметті абақтыға салып, жоғалтты.

Шынымен большевик Россия құрылтайын жимақ болғанда, күш-қуаты қолында 28 ноябрьге құрылтайды жиюға жаһид етуі керек еді. Большевик үкіметі астанадағы құрылтай сайлауының комиссиясын абақтыға салды. 28 ноябрьде жиналған құрылтай депутатын қуды. Онда депутат саны 400-ге толмай құрылтай ашқызбаймын деп еді.              5 январьда 500-ден аса депутат жиылған еді. Бұларды мылтық жұмсап, тағы қуып Россия құрылтайын тарқатты. Николай түскеннен бері жұрттың сүйенген, таянғаны, құдайдан соңғы, құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп, большевик сариды». Патшалық монархия құлатылғаннан кейін халық билікті өз қолына алып, құрылтай жасап, демократиялық түрде сайлау жасауға қам қылғанымен, қолындағы әскер күшімен және қару-жарақтың қуатымен большевиктер террорлық сипаттағы әрекеттер арқылы өз дегенін жасағанын байқаймыз. Құдды қазіргі күндегі Ливанда болған және Сириялық билікке қарсы қарулы содырлардың қимылы іспетті.

«Енді Николай өлді,- деп жалғастырады Ә.Бөкейханов мақаланы. Қамшы жоғалды, енді билік жұртта, билік жұртта болса, жұрт жалпы, жасырын, төте сайлаумен шығарған депутат мәжілісі құрылтайда да деген еді. Билік жұртта өзгеге кезек бермей, айғайлап алдымен шабатын большевик еді. Большевиктің мұнысы, аллалап отырып, қонған үйдің қатынына қол салатын жалған қожаның ісі болып шықты («Үкімет – халықтікі!»- дей отырып, сол халықты қынадай қырған коммунистік биліктің әрекетін тап басып суреттейтіндей теңеу мен балауды өз басым осы күнге дейін таба алмаған едім, Әлихан Бөкейхановтың большевикті жалған қожаға балағанын оқығанда, ұлт көсемі қолданған метафораның дәлдігіне, уыттылығы мен қуаттылығына сүйсінбеске болмады – Н.Е). Соғысты тоқтатам, бітім қылам деп қараңғы солдатты ертіп алып, демагогияға сүйеніп іс жүргізген еді. Бітім жоқ. Құрылтайды қорғайым деген қауым кісілері, құрылтай депутаттары абақтыда.  

Құрылтай ашылған күні көп жұмысшылар, өзге көп қала кісілері «хакімшілік құрылтайға» деп ту алып, көшеге шыққан. Осы топты большевик әскері шатырдан пулемет астына алып, көп кісіні өлтіріп, қуып тастаған. 1905-нші жылы 9 январьда астанадағы неше мың жұмысшылар бостандық бер деп, Николайға барған. Николай бұларға пулемет бостандығын көрсеткен. Большевик Николайдың аяғын құшты. Николайдың да, мұның емшектес інісі большевиктің де пулеметтеп жатқаны – жалпы жұрт, екеуінің де сүйенгені – қараңғы солдат». Байқап отырсаңыз, Николайды монархиялық билік иесі ретінде тақтан тайдырған Уақытша үкімет еді, бірақ Николайды адам ретінде отбасымен бірге жер бетінен жойып жіберуді ойларына алмаған деуге болады. Үй қамақта болса да, отбасымен бірге аман-есен жүріп жатқан-ды. Қалай большевиктер құрылтайды таратып, қолдарына билікті алды, солай бұрынғы патша Николайды қатын-баласымен бірге айуандықпен атып өлтіріп, тұқымын тұздай құртты. Ең сорақысы, бір үйлі жанды үлкен-кіші деп қарамай өз қолымен қырып салған қандықол қарақшы Голощекин 1925 жылы қазақ елін басқаруға тікелей Сталиннің бұйрығымен Қазақстанға келді. Голощекин тұсындағы қазақ қайғысын мың жыл жырласақ та, көз жасымыздың таусылмасы ақиқат. Міне, бұл да – «шайқас пен еңбекте шыныққан» деп мақталатын айтулы коммунистердің шынайы бет-бейнесі мен ел басқару жолына бір мысал.     

Совет үкіметінің атына кір жуытпайтын, комсомолдың 100 жылдығын бабасының тойындай тойлап жатқан коммунистердің қазіргі партиясына да, бұрынғы мүшелеріне де, Совет дәуіріндегі қазақтың қасыретті тарихынан хабары жоқ қарапайым халыққа да Әлихан Бөкейхановтың кезінде «Қазақ» газетіне жарияланған мақалаларын оқуға кеңес береміз: тым болмаса, көзі ашық, көкірегі ояу келешек ұрпағымыздың көзіне ұялмай қарау үшін.

«Құрылтай алдымен жұртқа беделді үкімет сайламақ еді,- деп жалғастырады Алаш көсемі өз мақаласын. Құрылтайға сүйенген күшті үкімет босаған тізгінді жиып ап, тежеп ұстап, тентек, бастақты тиып, жұртқа пайдалы тәртіп шығарып, елді билемек еді. Құрылтай өзі Россия мемлекетіне негізгі закон шығарып, мемлекет көшін түзетіп, жұртқа пайдалы бітім қылып, жақсы сапарға жұрт тілеген тартпақ еді.

Бұл мақсаттың бәрі 5 январьдағы (1918 жылғы – Н.Е.) пулемет оғымен құйын соққан күлдей ұшты. Орыс жұртының ұлтшылдары, жұртына жаны ашыры, қабырғасы қайысатыны азада қалды. Ақылды, ұлт пайдасын демагогия, қараңғылық басты... Украина, Дон, Кавказ, Түркістан, Сібір, Орынбор, өзге неше ішкі қалалар большевикпен соғысып жатыр. Майдандағы солдат үйді-үйіне қашып жатыр. Мұжық, солдат біз большевик дініне кірдік деп қаланы, помещикті, бай мұжықты талап жатыр. Темір жол тоқтады, астаналар, астық сатып алатын уаляттар, майдандағы әскер жұтап жатыр.

Біздің қазақ жері әзір бұл Россия ылаңынан аман.

Алаштың баласы аман қалар ма, жоқ па? Болжап болмайды. Қорқамын жалпы жұрттың қараңғылығынан, басшы болам деп тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбастағаннан». Міне, нағыз ұлты үшін соққан жүрек! Алысты көре білген даналық! Қараңғы солдаттың қолына тиген билікке мойынсұну дегеніміз соқырдың қолына, саңыраудың астына түскенмен бірдей болатынын болжай білген ғой: соқырға кім екенің бәрі бір, ақылы асқан данасың ба, күнәсі жоқ баласың ба – төмпештей береді, ал саңырау «өлдім!» десең естімейді! Бәрінен жаманы – заңсыз қару күшімен, террорлық әрекеттер арқылы бүкіл билікке түгел ие болған Жангелдин–Степанов секілді иманын сатқан екіжүзділердің ел ішіне енуі еді. Сондықтан да Ә.Бөкейханов «Аға-іні, Алаштың азаматы, бірік, бүгінгі үй ара уақ істі таста, мына қараңғы қара бұлт Россия ылаңынан Алаш басын қорғайтын жолға шық,» дейді.

«Россия мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды. Биліктен айрылсақ, мына орысша қаңғып кетеміз. Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар! Жалпы жұртқа мұрындық бол!» деп ұран тастайды.

Адамшылық келбеті Жангелдин-Степановтай, еңбекші халықтың құқын қорғаймыз дей отырып, сол жұмысшыны көшеде пулеметпен қырған коммунистік-большевиктік үкімет орнаған Россияның жақын арада үйірге қосылмайтынын тамыршыдай тап басып айтқанына, амал жоқ, қайран қаламыз! Қолтыққа шыққан шиқандай болған Совет үкіметі жүргізген коммунистік идеология өзі өмір сүрген жетпіс жылдың ішінде жер бетіне аз ылаң салған жоқ. Қаншама атаулы халықтарды дінінен, тілінен айырғаны аздай, адам саны шамалы нешеме ұлттарды жер бетінен біржола жойып жіберді. Ең ақыры, осы күнге дейін оң шешімі табылмаған оңтүстік пен солтүстік Корея трагедиясының өзі неге тұрады? Екі Корейдің қай жағында адамдар бақыттырақ екенін өзіңіз де шамаларсыз. 16 желтоқсанда қазақ жастары алаңға шықпағанда, бәлкім біз де осы күні Солтүстік Кореяның кебін киіп, темір шарбақтың ар жағында «бақытты» күн кешіп жатар ма едік, кім білсін?

Енді осының бәрі аз болғандай, қазанның 22 күні комсомолдың 100 жылдығы деп зал толы кісі жинап, ал қызыл ту көтеріп, сырнайлатып-кернейлетіп ән салып, ақсақалдарын шығартып сөз сөйлетіп, бүкіл елге әйгілетіп дүбірлі той жасағанын – бетпердесі жоғарыда біз жазғандай коммунист-большевиктердің ұрпағы ма, әлде сарқыншағы ма, әйтеуір халықтың қамын жеген боп, биік мінберден сөз сөйлегенді жақсы көретін, қандай болмасын әйтеуір бір жұмсақтау орынтақта отыруды мұрат тұтқан коммунистік партия мүшелерінің, солардың ел ішіндегі қолшоқпар-белсенділерінің әрекеті өздерінің білімсіз, намыссыз, көркеуде екендіктерін әшкерелегендерімен тұрмай, тәуелсіз Қазақ елінің еркін азаматтарын қорлағандық деп білемін. Өздерінің екіжүзді аяр екендерін қанша жерде, қалай көрсетсе де өз еріктері, бірақ баяғыда жидіп кеткен мүрдеге айналса да, құдайдың қарғысымен қара жерге ене алмай жатқан басшыларына табынатын коммунистердің көсемі бейнеленген қызыл туды тәуелсіз еліміздің қасиетті көк байрағымен қатар көтеріп тұрғандарын көргенде, атарға оқ болмағандай күйде болғанымызды жасыра алмаймыз. Құдай-ау, ширек ғасыр ғана бұрын еді ғой, осы қасқабас өліктің құрығынан құтылып, тәуелсіз ел болдық деп жариялағанымыз! Жиырма жетінші жылға кетіп бара жатқан тәуелсіздікке масайып жүргеніміз не, қызыл туды көтеріп, коммунизмді ардақтап ән салып тұрғанымыз не!? Міне, коммунистердің екіжүзді аярлығының тағы бір дәлелі! Тәуелсіздікті біз орнаттық дегендей желпініп сөйлетін кешегі коммунист «көкелеріміз» бүгін басқаша сайрап жатыр. «Он бес жыл өмірімді комсомолға арнадым,»- деп сұхбат беріп жатты еліміздегі сақалсыз ақсақалдарымыздың бірі. Қазақтың бағын тайдырған, бақытын қайырған коммунистік жүйеге қызмет еткеніне ұялудың орнына, біртүрлі мақтанышпен айтып тұрғанын көріп, еріксіз «сенген қойым сен болсаң...» деп кіжінуге тура келді.  

Осылай кете берсе, 2028 жылы бизнесін адал жүргізіп, бюджетке тәп-тәуір салық төлеп отырған іскер азаматтарымыздың мал-мүлкін тартып алып, өздерін шетел асырып, тентіретіп қуып жіберерміз, сосын 2038 жылы ақыл-иманы бар-ау, біздің арам қулығымыздың сырын түсініп қояды-ау деген парасатты азаматтарды құрықтармыз. Қайта шапқан жау жаман демекші, егер ар-ұятына қараса, елімізде партия ретінде құрылуға да моральдық құқы жоқ коммунистік партия қайта айналып билік басына келе ме деген қорқыныш та оянады кеудеде. Ішінара ұлттық мәселені қозғаған кейбір партияларды жаратпайтын, тіпті жанына жақын келсе жиіркеніп, осқырынып қарайтын өзіміздің сүйікті «Нұр Отанымыз» да коммунистердің бұл тойына іш тартатын сияқты. Екеуінің түбі бір болғанымен, бағыты екі түрлі еді ғой деп өзімізді жұбатсақ та, әкесі бөлек болса да, шешесі ортақ, бір ананың емшегін тел емген немелер жеме-жемде ағайыншыласып кете ме деп те қорқамыз. Қалай болғанда да, тәуелсіз еліміздің тақ төріне шығып алып, күні батқан, қарасы өшкен, қазақ халқынан қарғыстан басқа ештеңе алмаған, қазаққа қырғыннан басқа ештеңе бермеген көрінде өкіргір коммунистік партияның артынан ерген күшігі – комсомол ұйымының 100 жылдығын тойлау қазақ ұлтын сүйетін, Қазақ елін сүйетін, өз жұртын сүйе отырып, хакім Абайдың «алланы сүй, адамзатты сүй, әділетті сүй» деген өсиетіне сай барша адамзатты құрмет тұтатын менің азаматтық намысыма, ашу-ызама тиген соң, осы мақаланы жазып отырмын.

Алаш арыстарының арманын арқалайсыз ба, әлде коммунист «көкелердің» соңынан ересіз бе, құрметті ағайын, таңдау – Сізде.   

Нұрлан Есей